«ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ ЖӘНЕ АЛАШ МҰРАСЫ»: ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХИ КЕШ ӨТТІ
«ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ ЖӘНЕ АЛАШ МҰРАСЫ»: ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХИ КЕШ ӨТТІ
08.04.2026 11:17
15
0

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен №80 ІТ мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толуына арналған «Әлихан Бөкейханов және Алаш мұрасы» атты тарихи-танымдық кеш өтті. Тағылымы мол шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа ұлт тарихын терең таныту, Алаш қозғалысының идеялық мұрасын дәріптеу және тұлғаның ел дамуына қосқан үлесін кеңінен насихаттау.

Кеш барысында оқушылар арасында мазмұнды дебат ұйымдастырылып, қатысушылар Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың қазақ жері мен мемлекеттілігін сақтаудағы тарихи рөліне жан-жақты тоқталды. Жас пікірсайысшылар оның қоғамдық-саяси көзқарастарының бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін маңыздылығын талдап, өз ойларын нақты дәлелдермен жеткізе білді. Пікірталас барысында ұлт бірлігі, жер тұтастығы, білім мен ғылымның рөлі секілді өзекті мәселелер кеңінен қозғалды.

Іс-шара аясында мектеп оқушыларына арналған арнайы таныстырылым ұсынылып, Әлихан Бөкейхановтың өмір жолы, қайраткерлік қызметі, ғылыми еңбектері мен публицистикалық мұрасы туралы тың деректер берілді. Сонымен қатар, қатысушылар Алаш зиялыларының ел болашағы жолындағы күресі мен олардың тәуелсіздік идеясына қосқан үлесі жөнінде мағлұмат алды.

Кеш мазмұнын толықтыра түсу мақсатында кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда Алаш қайраткерлеріне қатысты құнды басылымдар, тарихи зерттеулер мен деректі еңбектер көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме оқушылардың тақырыпқа деген қызығушылығын арттырып, олардың тарихи танымын кеңейтуге ықпал етті.

Шара соңында белсенділік танытып, өз білімдері мен ой ұшқырлығын көрсете білген оқушыларға кітапхана директорының алғыс хаттары табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай тағылымды кездесулердің өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге баулуда маңызы зор екенін атап өтті.

Аталған тарихи кеш – ұлт тарихын ұлықтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде оқушыларға рухани серпіліс сыйлап, олардың ел тарихына деген қызығушылығын арттыра түсті.

0 пікір