Астанада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Түркия Республикасы Парламентінің депутаты, Әділет және даму партиясы төрағасының түркі мемлекеттерімен ынтымақтастық мәселелеріне жауапты орынбасары, профессор Күршад Зорлу арасында кездесу өтті. Кездесу барысында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынастың жылдан жылға нығайып келе жатқанын атап өтті. Әсіресе, мәдениет, өнер, әдебиет және рухани мұра салаларындағы байланыстардың маңызы ерекше екені айтылды.
Аида Балаева өз сөзінде Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтергенін жеткізді. Оның айтуынша, жоғары деңгейдегі келіссөздер қазақ-түрік серіктестігін тек саяси және экономикалық бағытта ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен гуманитарлық салада да кеңейтуге тың серпін берген.
Кездесу барысында әдеби байланыстарды нығайту, ортақ тарихи-мәдени мұраны насихаттау және шығармашылық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар қазақ және түрік қаламгерлерінің еңбектерін өзара аудару, бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыру және халықаралық әдеби форумдарды ұйымдастыру бағытында жұмыс жүргізуге уағдаласты.
Сонымен қатар, кино өндірісі саласындағы әріптестікті кеңейту мәселесі де талқыланды. Атап айтқанда, тарихи және рухани тақырыптарды қамтитын деректі әрі көркем фильмдерді бірлесіп түсіру, сондай-ақ түркі әлеміне ортақ тұлғаларды дәріптеу бағытындағы жобаларды жүзеге асыру жөнінде пікір алмасылды.
Кездесуде Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттау мәселесіне де ерекше мән берілді. Тараптар ұлы ойшылдың хикметтері мен ілімін халықаралық деңгейде дәріптеу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау және мәдени-ағартушылық іс-шараларды бірлесіп өткізуге дайын екендерін білдірді.
Кездесу қорытындысында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бауырлас халықтардың рухани байланысын нығайтып, түркі әлемінің ортақ құндылықтарын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru