ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ⁣⁣
ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ⁣⁣
10.04.2026 16:26
14
0

Бүгін Шымкент қаласында «Дарын» республикалық ғылыми – практикалық орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін пәндер бойынша 10–11 (12) сынып оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиада басталды. Аталған білім сайысы құқық негіздері, орыс тілі мен әдебиеті, сондай-ақ, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті пәндерін қамтиды.⁣⁣
⁣⁣
Республикалық олимпиаданың басты мақсаты – қоғамдық-гуманитарлық пәндерге қызығушылығы жоғары, дарынды әрі қабілетті оқушыларды анықтау, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, сондай-ақ, халықаралық және республикалық деңгейдегі білім додаларына қатысатын үздік оқушыларды іріктеп, жүйелі түрде даярлау болып табылады.⁣⁣
⁣⁣
Республикалық олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен дарынды оқушылар жиналды. Биылғы білім бәйгесіне 270 оқушы, оның ішінде Шымкент қаласынан 12 оқушы қатысып, өзара білімін сынауда. Бұл – білім мен бәсекеге толы, дарынды жастардың басын қосқан ауқымды іс-шара. Қатысушылар өз білімдерін сынға салып қана қоймай, тәжірибе алмасып, жаңа достық байланыстар орнатуға мүмкіндік алады.⁣⁣
⁣⁣
Үш күнге созылатын іс-шара аясында оқушылар үшін мазмұнды мәдени-танымдық бағдарлама да ұйымдастырылған. Қатысушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар, экскурсиялар және танымдық кездесулер жоспарланған. Олимпиадаға қатысушылар Шымкент қаласының тарихи-мәдени орындарын аралап, өңірдің бай тарихымен, рухани мұрасымен жақынырақ танысатын болады.⁣⁣
⁣⁣
Осылайша, Шымкентте өтіп жатқан білім бәйгесі – тек білім сайысы ғана емес, сонымен қатар, жас ұрпақтың мәдени-рухани дамуын көздейтін маңызды алаң. Осындай игі бастамалардың нәтижесінде республикалық олимпиада дарынды жастардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың тұлғалық және рухани дамуына да зор ықпал ететін маңызды алаңға айналып отыр.⁣⁣

0 пікір