«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі алты жыл бойы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық әскери қызметшілердің тағдырын және жерленген орындарын анықтауға бағытталған жүйелі архивтік-іздестіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бірлестіктің миссиясы – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету және жастар арасында рухани-адамгершілік әрі әскери-патриоттық құндылықтарды қалыптастыру арқылы тарихи жадыны сақтауда мемлекетке жәрдемдесу.
Қызметтің ауқымдылығын қамтамасыз ету мақсатында 200-ден астам халықаралық және республикалық ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды, бұл Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдер аумағында іздестіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Арнайы интернет-портал, «жедел желі» және әлеуметтік желілердегі парақшалар құрылды, сол арқылы кез келген азамат өз туыстарын – соғыс қатысушыларын іздеуге тегін өтінім бере алады.
Бүгінгі таңда бірлестікке 12 000-нан астам өтінім келіп түсті, 4 500-ден астам қазақстандық сарбаз бен офицердің тағдыры және жерленген орындары анықталды. Ай сайын іздестірушілер бұрын белгісіз болған 40–50 жауынгердің есімін елге қайтарады. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің қолдауымен 23 қазақстандық майдангердің сүйегі Отанына жеткізіліп, толық әскери құрметпен жерленді.
Жастармен жұмыс және ғылыми-ағартушылық жобалар
«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жобаларын жүйелі түрде дамытып келеді: дөңгелек үстелдер, конференциялар, викториналар, спорттық жарыстар, тақырыптық жүгірулер, квесттер және Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына арналған интерактивті білім беру іс-шаралары ұйымдастырылады. Осы бастамалар арқылы 2 миллионнан астам адам қамтылып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен қолдау тапты.
Бірлестіктің құрама іздестіру жасағы жыл сайын Ресей Федерациясының Калуга облысында өтетін «Батыс майдан. Варшава тасжолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына қатысады. Оның құрамында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектептерінің оқытушылары мен курсанттары жұмыс істейді.
Сонымен қатар, біз іздестіру қызметін жетілдіруге және Қазақстанның әскери тарихын терең зерттеуге бағытталған төмендегідей бірқатар бастамаларды ұсынамыз.
1. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың қазақстандық электрондық дерекқорын құру
Қазіргі уақытта Қазақстанда республика аумағынан майданға шақырылған азаматтар туралы толық әрі сенімді мәліметтерді қамтитын ұлттық платформа жоқ. Мамандар көбіне ресейлік («Мемориал», «Память народа») дерекқорларды пайдалануға мәжбүр, бұл бастапқы шақыру деректерінің болмауына байланысты қазақстандықтар туралы ақпаратты іздеуді қиындатады.
Мәселені қиындататын тағы бір жайт – бастапқы шақыру құжаттарының цифрландырылмағаны және тозығы жеткен күйде сақталуы.
Ұсыныларымыз:
• бастапқы шақыру карточкаларын жинау, цифрландыру және жүйелеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;
• «Atamnyn Amanaty» ұлттық электрондық дерекқорын құру;
• деректерді ресейлік электрондық ресурстармен біріктіру.
Бұл жобаны іске асыру соғысқа қатысқан барлық қазақстандықтардың есімін мәңгі есте қалдыруға және олар туралы толық әрі дұрыс деректерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
2. «Батыс Қазақстан – Сталинград шайқасының майдан маңы аймағы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясын ұйымдастыру
КСРО Қорғаныс халық комиссариатының 1941 жылғы 26 қарашадағы №0444 бұйрығына сәйкес, Батыс Қазақстан облысының Урдин ауданы майдан маңы аймағына теңестіріліп, бомбалауға ұшыраған. Астрахань – Саратов теміржолы бойында майданға жеткізу немесе эвакуация кезінде қаза тапқан Қызыл армия сарбаздары мен бейбіт тұрғындар жерленген кемінде 50 бауырластар зираты орналасқан.
Ол үшін төмендегідей шараларды жүзеге асыру қажет:
• ықтимал жерлеу орындарын кешенді зерттеу;
• сүйектерді қазып алып, кейін сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу;
• қаза тапқандардың есімін лайықты түрде мәңгі есте қалдыру.
3. Эвакуациялық госпитальдарда қаза тапқандардың нақты санын анықтау және госпиталь зираттарын абаттандыру
1941–1945 жылдары Қазақстан аумағында 672 эвакуациялық госпиталь жұмыс істеп, мыңдаған жараланғандарға медициналық көмек көрсетті. Алайда қаза тапқандар мен олардың жерленген орындары туралы мәліметтер іс жүзінде жоғалған, себебі архивтер алдымен КСРО қорғаныс органдарына, кейін Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне берілген.
Ұсыныстарымыз:
• деректерді қалпына келтіру үшін мемлекетаралық және архивтік жұмыстар жүргізу;
• госпиталь зираттарын тиісті деңгейге келтіру;
• ескерткіш белгілер мен тақтайшалар орнату.
4. Еуропа елдерінде қаза тапқан қазақстандықтардың есімін анықтау және мәңгі есте қалдыру
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жүз мыңдаған отандасымыз Еуропа мемлекеттері аумағында қаза тапты. Олардың көпшілігі әлі күнге дейін белгісіз немесе хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Олардың есімін анықтау және мәңгі есте қалдыру жобасының:
• тарихи маңызы;
• халықаралық гуманитарлық өлшемі;
• патриоттық-тәрбиелік мәні;
• мәдени-дипломатиялық әлеуеті;
• Қазақстанның халықаралық беделін нығайтудағы рөлі зор.
Мұрат Молдағалиев,
«Atamnyn Amanaty» ҚБ Басқарма төрағасы
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru