ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРМЕН ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ
ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРМЕН ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ
01.08.2025 11:57
84
0

Шымкент қаласы Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков тұрғындармен тікелей байланыс орнату және олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында кезекті қоғамдық қабылдауын өткізді. Ашық форматта өткен кездесуге аудан тұрғындары белсенді қатысып, өздерін мазалаған түйткілді мәселелерді ортаға салды.

Қабылдауға келген азаматтар көбіне инфрақұрылым, жол, жарықтандыру, ауыз су, санитарлық тазалық және әлеуметтік көмекке қатысты мәселелерді көтерді. Әсіресе, жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын алаптарда инфрақұрылым қажеттілігі жиі айтылды. Сонымен қатар, зейнеткерлер мен көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар түрлі әлеуметтік көмек пен тұрғын үй мәселесін қозғады.

Әкім әрбір тұрғынның өтінішіне мұқият құлақ асып, нақты жауап беруге тырысты. Шешімін табуы уақытты қажет ететін мәселелер бойынша тиісті бөлім басшылары мен коммуналдық қызмет өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді. Ал кейбір мәселелер бойынша орындау мерзімі мен жауапты тұлғалар сол жерде белгіленіп, тұрғындармен ашық келісім жүргізілді.

Берік Айдарұлының айтуынша, қоғамдық қабылдаулар — халықпен кері байланыстың тиімді тетігі. «Біздің басты мақсатымыз — әрбір тұрғынның үні естілетін, мәселесі назардан тыс қалмайтын ашық әкімдік моделін қалыптастыру. Аудан тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру — біздің ортақ міндетіміз», – деді аудан әкімі.

Қабылдауға келген азаматтардың көтерген сұрақтары бойынша бірнеше нақты шешім қабылданып, бірқатар тұрғынның мәселесі сол күні-ақ шешімін тапты. Мәселен, кейбір көшелерге қосымша жарықтандыру шамдарын орнату, арық жүйелерін тазалау, қоғамдық көлік қозғалысын реттеу, жеке тұрғын үй құрылысына қатысты құжаттарды рәсімдеу сынды мәселелер бойынша жедел әрекет ету тапсырылды.

Қоғамдық қабылдауда тек мәселе көтеріліп қана қоймай, ұсыныс-пікірлер мен алғыстар да айтылды. Әсіресе, соңғы жылдары аудан көлемінде атқарылып жатқан жол жөндеу, аулаларды абаттандыру, көгалдандыру мен балалар алаңшаларын салу жұмыстарына тұрғындар оң бағасын берді.

Берік Әшірбеков мұндай кездесулердің тұрақты өтетінін айтып, әрбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайтынына сендірді. Сонымен бірге, қабылдауға келе алмаған азаматтар аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшалары мен ресми портал арқылы да өтініш жолдай алатынын еске салды.

Жалпы, қоғамдық қабылдаулар — тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы байланысты нығайтып, ашықтық пен сенімділік қағидатын орнықтыруға бағытталған маңызды қадам. Тұран ауданында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

0 пікір