ТҰРАН АУДАНЫ: БЕЙБІТШІЛІК КӨШЕСІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢАРУДА
ТҰРАН АУДАНЫ: БЕЙБІТШІЛІК КӨШЕСІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢАРУДА
01.08.2025 12:19
83
0

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің тұрғындармен тұрақты түрде өткізетін көшпелі кездесулері – халықпен кері байланыстың тиімді алаңы ретінде өз нәтижесін беруде. Осындай кездесулердің бірі Тұран ауданы аумағында орналасқан Жаңаталап тұрғын алабында өтті. Аталған жиында тұрғындар күнделікті тұрмысқа қажетті өзекті мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын жеткізді.

Кездесу барысында Жаңаталап тұрғын алабының халқы Бейбітшілік көшесінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді. Тұрғындар бұл көшеге жарық шамдарын орнату, сондай-ақ жол жабындысын жаңарту қажеттігін атап өтті. Қала басшысы азаматтардың талап-тілегін назардан тыс қалдырмай, көтерілген мәселелер бойынша жауапты басқарма мен мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар берді.

Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде Бейбітшілік көшесіне заманауи жарық шамдары орнатылып, көшеде кешкі уақытта қауіпсіз жүріп-тұруға мүмкіндік жасалды. Бұл – тек инфрақұрылымдық емес, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікке де тікелей әсер ететін маңызды қадам.

Сонымен қатар, қазіргі таңда аталмыш көшеде жолдың екінші қабатты асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Жол жөндеу жұмыстары қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жүзеге асуда. Жоба аясында жолдың беткі қабаты толық жаңартылып, жүргіншілер мен көлік құралдары үшін ыңғайлы әрі сапалы инфрақұрылым қалыптастырылмақ.

Тұран ауданында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы, жол, жарықтандыру, су және кәріз жүйелері бағытында қарқынды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл – қала әкімдігінің ел мүддесін басты назарда ұстап, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмысының көрінісі.

Жаңартылған көшені алғашқылардың бірі болып пайдаланып жатқан тұрғындар қалалық әкімдікке өз алғыстарын білдіруде. Жергілікті ақсақалдар мен белсенділердің айтуынша, Бейбітшілік көшесі бұрын қараңғы, ой-шұңқырлы жол болатын. Қазір ол өзгеріп, жаңа келбетке ие болды. Бұл – әкімдік пен тұрғындардың бірлескен әрекетінің нәтижесі.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков алдағы уақытта да мұндай кездесулер жалғасып, әрбір тұрғынның пікірі ескерілетінін жеткізді. Қала басшылығы инфрақұрылым мәселелерін жүйелі түрде шешіп, жайлы, қауіпсіз және заманауи қала қалыптастыру жолында еңбек етуде.

0 пікір