Тұран ауданында инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелер бақылауда
Тұран ауданында инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелер бақылауда
29.07.2025 12:06
83
0

Шымкент қаласының Тұран ауданы — қарқынды дамып келе жатқан жаңа әкімшілік аумақтардың бірі. Халық тығыз қоныстанған бұл ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық жағдайы — әкімдік назарындағы басты бағыттардың қатарында. Осы ретте аудан әкімі Берік Айдарұлы жұмыс сапарымен бірқатар тұрғын алаптарды аралап, өзекті мәселелермен етене танысты.

Аудан басшысы аралау барысында әлеуметтік нысандардың жай-күйін, абаттандыру жұмыстарының барысын, көшелердің санитарлық тазалығын, жарықтандыру жүйесін және құрылыс алаңдарын қарап шықты. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін түйткілді мәселелерді көзбен көріп, жағдайды жан-жақты зерделеді.

Аулаларды абаттандыру — тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Берік Айдарұлы осы жұмыстардың сапасына ерекше назар аударып, жауапты мамандарға нақты ескертулер жасады. Аула ішілік жолдардың жағдайы, балалар ойын алаңдарының қауіпсіздігі және көгалдандыру жұмыстары бойынша бірқатар сын-ескертпелер айтылып, жақын арада аталған жұмыстарды жетілдіру қажеттігі тапсырылды.

Сонымен қатар, санитарлық тазалық мәселесі де назардан тыс қалмады. Аудан әкімі тазалық жұмыстарының кестеге сай орындалуын, тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды жинау мәдениетін қалыптастыру және қоқыс тастау орындарындағы тәртіпті сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Қаланы таза ұстау — тек коммуналдық мекемелердің емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екендігі де ерекше айтылды.

Көше жарықтандыру жүйесі де қазіргі заман талабына сай болуы қажет. Аудан аумағындағы бірқатар көшелерде жарық шамдарының істен шығуы, кейбір орындарда жарықтандыру мүлде болмауы тұрғындардың қауіпсіздігіне әсер ететіні белгілі. Осыған орай, Берік Айдарұлы жауапты бөлім мамандарына осал тұстарды картаға түсіріп, кезең-кезеңімен жарықтандыру желісін жаңғырту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Аудан аумағындағы құрылыс нысандарының сапасы мен мерзімі де әкім назарына ілікті. Жөндеу және құрылыс жұмыстарының уақытында әрі сапалы орындалуын бақылау мақсатында тиісті бөлім басшыларына кесте бекітіліп, апта сайынғы есеп тапсыру жүктелді. Әкімнің айтуынша, бұл — аудан тұрғындарының сенімін ақтауға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

Берік Айдарұлы аудан аумағын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да қарқынды жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір тұрғынның талап-тілегі назардан тыс қалмайды. Аудан әкімдігі ашық әкімдік қағидаты бойынша халықпен тығыз жұмыс істеуге дайын.

0 пікір