Елімізде 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай Түркістан қаласында дәстүрлі «Үкілі домбыра» республикалық байқауы өтті. Игі шараны облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырып отыр.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқаудың басты мақсаты – этнос жастары арасында қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, қасиетті домбыраның қадір-қасиетін дәріптеу, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру, сондай-ақ дарынды жас орындаушыларды анықтап, олардың шығармашылық әлеуетін қолдау.
Ұлттық домбыра күніне орай биылғы байқауға Түркістан облысының аудан-қалаларымен қатар Ақмола, Алматы, Абай, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстары және Шымкент қаласынан келген этнос өкілдері қатысты. Қатысушылар дәстүрлі ән, күй және терме орындау номинациялары бойынша бақ сынады.
Байқау барысында ұлттық өнердің түрлі жанрлары дәріптеліп, жас орындаушылардың шеберлігі кәсіби қазылар алқасының бағалауына ұсынылды. Қазылар алқасының құрамына мәдениет және өнер саласының танымал мамандары, дәстүрлі өнердің майталмандары мен жоғары оқу орындарының оқытушылары енген.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, байқаудың ұлттық мәдениетті дәріптеудегі маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол байқаудың 1 шілде күні өтуінің символдық мәніне назар аударып, дәл осы күннен бастап еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне еніп, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жаңа кезең басталатынын атап өтті.
– Ел бірлігі мен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты тірегі. Міне, бүгінгі іс-шара түрлі этнос өкілдерінің қазақтың қасиетті домбырасын қастерлеп, ұлттық өнерді бірге ұлықтауы – халқымыздың ынтымағы мен елдігіміздің жарқын көрінісі. Қазақстанның әр өңірінен келген жас өнерпаздардың Түркістан төрінде бас қосуы – мәдени байланыстарды нығайтудың, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Байқау қорытындысы бойынша әр номинация бойынша І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар белсенді қатысушылар мен жетекшілерге арнайы алғыс хаттар табысталды.
Айта кетсек, Ұлттық домбыра күніне арналған «Үкілі домбыра» республикалық байқауы этнос жастары арасындағы мәдени байланысты нығайтып, қазақтың төл өнерін кеңінен насихаттауға, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды мәдени алаң ретінде өз жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru