Алматы қаласында жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын іске асыру жұмыстары кезең-кезеңімен басталмақ. Бұл туралы қала әкімдігі мәлімдеп, жаңа көлік инфрақұрылымы мегаполистегі қоғамдық көлік жүйесін жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.
Қала билігінің мәліметінше, LRT желісі Алматыдағы көлік жүктемесін азайтып, тұрғындардың қатынау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Жоба аясында алғашқы желі «Алматы-2» теміржол вокзалынан басталып, Абылай хан даңғылы, Төле би көшесі және Момышұлы көшесі арқылы Алатау ауданындағы индустриялық аймаққа дейін созылады.
Мамандардың айтуынша, алғашқы желінің ұзындығы шамамен 18,3 шақырымды құрайды. Бағыт бойында ондаған аялдама салынып, жолаушыларға қолайлы әрі жылдам қоғамдық көлік жүйесі қалыптастырылады. Сондай-ақ жоба аясында арнайы депо мен инженерлік инфрақұрылым нысандары бой көтермек.
Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптама жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, құрылысқа қажетті жер телімдерін мемлекет мұқтажына алу процесі басталған. Жоба мегаполистегі көлік кептелісін азайтып, қоғамдық көліктің тиімділігін арттыруға және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
Қала әкімдігінің алдын ала жоспарына сәйкес, LRT құрылысы бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Жобаны толық аяқтап, жеңіл рельсті көлік жүйесін 2027 жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru