Ассамблея жұмысының жаңа бағыттары талқыланды Түркістанда облыстық кеңес отырысы өтті
Ассамблея жұмысының жаңа бағыттары талқыланды Түркістанда облыстық кеңес отырысы өтті
10.04.2025 12:41
6
0

Бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға облыс әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Нұралхан Көшеров, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, ҚХА құрылымдарының жетекшілері мен мүшелері, этномәдени бірлестіктер, Ақсақалдар мен Аналар кеңестері, жастар ұйымдары және БАҚ өкілдері қатысты.

Кеңес отырысына модераторлық еткен өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыстық Ассамблея тұрақтылықты сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Қайырымдылық керуені» және «Шаңырақ» жобалары белсенді іске асырылып келеді.

Жыл басынан бері өңірде 440-тан астам түрлі форматтағы іс-шара, 15 қайырымдылық акциясы және 134 ақпараттық-насихаттық кездесу ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында облыс көлемінде 2000-нан астам мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Отырыс барысында түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Сарманбай Сафаров пен өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадир Ирисметов Ассамблея төрағасының орынбасарлары ретінде қайта сайланды. Сонымен бірге, жастар атынан бұл қызметке «Жастар рухы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиал төрағасы Жансерік Жұман сайланды.

Кеңес барысында облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Султанов, славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Марина Лимаренко және «Ассамблея жастары» ұйымының өкілі Индира Раван-Нахчивани мемлекеттік тілді үйрену, қайырымдылық жұмыстарын күшейту және жастар бастамаларын жүзеге асыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Басқосу сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар этносаралық татулықты нығайту жайында пікір алмасты.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров ҚХА-ның 33-сессиясында берілген Президент тапсырмаларын Түркістан облысында сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігін баса айтты.

Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, барлық жерде дәріптелуі қажет. Мемлекет Басшысының айқындаған басымдықтары баршамыздың бірлікте болуымыздың нәтижесінде орындалады. Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Президенттің маңызды бастамаларын толық қолдай отырып, ортақ күш-жігерімізбен елімізді бұдан да қуатты елге айналдыру жолында жұмыс жүргізетін боламыз, - деді облыс әкімі.

0 пікір