Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында еліміздің өңірлерінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта өңірлерде инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде. Сонымен қатар заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру жобалары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.
Қосшы қаласы толықтай газдандырылды
Ақмола облысының Қосшы қаласында газбен қамту жобасы толық аяқталып, пайдалануға берілді. «Сарыарқа» магистральды газ құбырынан тартылған желінің екінші және үшінші іске қосу кешендері іске қосылып, қаланың барлық шағын аудандары табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Жоба аясында 400 шақырымнан астам газ тарату желісі салынып, бір блоктық және 43 шкафтық газ реттеу пункті орнатылды. Соның нәтижесінде 112 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.
Полтавка ауылына табиғи газ жеткізілді
Ақтөбе облысының Полтавка ауылында табиғи газ берілді. Құны 581,4 млн теңгені құрайтын жоба аясында 6,4 шақырым газ құбыры тартылып, қажетті инженерлік инфрақұрылым салынды.
Нәтижесінде 99 үй шаруашылығы мен 316 тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Осылайша облыстың газдандыру деңгейі 97,5%-ға жетті.
Бесағаш ауылында жаңа су құбыры іске қосылды
Алматы облысының Бесағаш ауылында 1975 жылы салынған, тозу деңгейі 95%-ға жеткен су құбырының орнына ұзындығы 32 шақырымнан асатын жаңа су желісі пайдалануға берілді.
Соның нәтижесінде 800-ден астам абонент немесе 3,8 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Сонымен қатар Тұздыбастау ауылында 127 шақырым су құбырын жаңғырту және қосымша трансформаторлар орнату жұмыстары аяқталуға жақын.
Державинскіде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды
Ақмола облысының Державинск қаласында тәулігіне 30-ға жуық адам қабылдайтын Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы өз жұмысын бастады.
Орталықта жаттығу залы, йога аймағы, үстел ойындары мен қолөнер шеберханасы, сондай-ақ вокал студиясы жұмыс істейді. Нысан ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында балалар музыка мектебі және балалар шығармашылығы орталығымен бір ғимаратта орналасқан.
Қарағанды облысында педагогтер бейімделген спорт бойынша оқытылады
Жыл соңына дейін Қарағанды облысында 500-ге жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған бейімделген спорт негіздері бойынша оқудан өтеді.
Жоба нәтижесінде өңірдегі әрбір мектепте арнайы дайындықтан өткен маман жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар бұл курс екі жергілікті колледждің оқу бағдарламасына енгізіледі. Бұдан бөлек, облыста бейімделген спорт секцияларының желісі мен инклюзивті «Жасыл ел» еңбек жасақтарына қатысушылар саны кеңейтілуде.
Баянауылда жаңа визит-орталық ашылды
Павлодар облысының Баянауыл курорттық аймағында жалпы аумағы 740 шаршы метрді құрайтын Vizit Bayanaul «Сарыарқа сыры» визит-орталығы ашылды.
Заманауи нысан цифрлық технологиялармен және жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған. Жоба өңірдің туристік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту аясында жүзеге асырылып, жаңа кіреберіс стеласын орнату мен демалыс аймақтарын абаттандыру жұмыстарын да қамтыды.
Жаңғырту нәтижесінде биыл Баянауылға келетін туристер саны 300 мың адамға дейін артады деп күтілуде.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru