Елордада 60-тан астам адамды 500 млн теңгеден аса сомаға алдаған әйел анықталды
Елордада 60-тан астам адамды 500 млн теңгеден аса сомаға алдаған әйел анықталды
23.07.2026 15:13
74
0

    Астана қаласында алаяқтық жасағаны үшін әйел адам 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Ол таныстарының, көршілерінің және өзімен бұрыннан араласқан азаматтардың сенімін пайдаланып, бірнеше рет заңсыз әрекет жасаған.

Сот материалдарына сәйкес, сотталушы азаматтарды ипотеканы жедел рәсімдеу, тұрғын үй сатып алуға көмектесу және түрлі қаржылық мүмкіндіктері бар екеніне сендіріп, ақша беруге, несие рәсімдеуге немесе мүлкін кепілге қоюға көндірген.

Мәселен, ол бір жәбірленушіні екі бөлмелі пәтерін 16 млн теңге несиеге кепілге қоюға үгіттеп, қарызды өзі өтейтінін және үш бөлмелі пәтер алуға көмектесетінін айтқан. Алайда алған қаражатты жеке қажетіне жұмсаған. Соның салдарынан жәбірленушіге 9 млн теңгеден астам шығын келген.

Тағы бір жағдайда әйел декреттік төлемдерді көбейтіп беруге көмектесемін деген сылтаумен азаматтан 5 млн теңгеден астам ақша алып, оны қайтармаған.

Жалпы, сот мәліметінше, оның әрекеттерінен жәбірленушілерге 500 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынды. Сот үкімімен әйел кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы талаптары қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

0 пікір