«ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІ ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА
«ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІ ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА
08.07.2026 22:42
9
0

Түркістан облысында шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту және халықаралық көлік-логистикалық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысының сыртқы сауданы дамыту, шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту және транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өңірдегі стратегиялық маңызы бар нысандар кезең-кезеңімен жаңартылуда. Солардың бірі – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ең ірі өткізу бекеттерінің бірі саналатын «Жібек жолы» кеден бекеті.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында қайта жаңғыртылып жатқан «Жібек жолы» кеден бекетінің құрылыс барысымен танысты. Нысанды аралау кезінде құрылыс жұмыстарының орындалу қарқыны, сапасы және белгіленген мерзімнің сақталуы жан-жақты сараланды.

Жауапты мердігерлер мен сала мамандары атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, жобаның орындалу кезеңдері туралы ақпарат берді. Өңір басшысы құрылыс сапасына ерекше назар аударып, бекеттің халықаралық талаптарға толық сәйкес келуі қажеттігін айтты. Сондай-ақ барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, нысанды уақытылы пайдалануға беру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер «Ontustik Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Ал жобаны іске асыруға мердігер ұйым ретінде BI Group тартылған.

Жалпы құны 11,6 миллиард теңгені құрайтын жоба шекаралық инфрақұрылымды түбегейлі жаңғыртуға бағытталған. Құрылыс аяқталғаннан кейін өткізу бекетінің мүмкіндігі бірнеше есеге артып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар және жүк тасымалының тиімділігі едәуір жақсарады.

Жаңартылған кеден бекеті алты жолақты форматта жұмыс істейтін болады. Оның өткізу қабілеті тәулігіне 70 мың адамды, 2 мың автокөлікті және 200 автобусты қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл шекарадағы көлік кептелісін азайтып, азаматтардың уақытын үнемдеуге және халықаралық жүк тасымалының үздіксіз жүруіне жағдай жасайды.

Жоба аясында әкімшілік және қызметтік ғимараттар толық қайта салынып, олардың жалпы аумағы бұрынғыдан екі есеге жуық ұлғайтылды. Сонымен қатар шекаралық бақылау, кедендік рәсімдеу және санитарлық бақылау аймақтары халықаралық стандарттарға сай жабдықталуда.

Заманауи технологиялардың енгізілуі құжаттарды рәсімдеу уақытын қысқартып, азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қауіпсіздік жүйелері жаңартылып, бейнебақылау, автоматтандырылған бақылау және цифрлық басқару элементтері орнатылады.

Қазіргі уақытта нысанда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы толық аяқталған. Бүгінде сыртқы әрлеу жұмыстары, аумақты абаттандыру және ішкі инженерлік жүйелерді іске қосу кезеңі жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асуда.

Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін «Жібек жолы» кеден бекеті Қазақстанның оңтүстігіндегі ең заманауи шекаралық өткізу пункттерінің біріне айналып, халықаралық көлік дәліздерінің тиімді жұмыс істеуіне серпін береді.

Мұндай ауқымды жобалардың жүзеге асырылуы Түркістан облысының транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, сыртқы сауда айналымының ұлғаюына, туристік және іскерлік байланыстың нығаюына, сондай-ақ өңір экономикасының одан әрі дамуына оң ықпал етеді. Сонымен бірге шекарадан өтетін азаматтарға қолайлы жағдай жасалып, кедендік рәсімдердің ашықтығы мен тиімділігі жаңа деңгейге көтеріледі.

 

0 пікір