КИБЕРАЛАЯҚТЫҚПЕН КҮРЕС – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ
КИБЕРАЛАЯҚТЫҚПЕН КҮРЕС – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ
23.05.2025 13:29
5
0

Қазіргі цифрлық дәуірде ақпараттық қауіпсіздік мәселесі күн өткен сайын өзектене түсуде. Әсіресе интернет кеңістігінде орын алатын алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою – мемлекет пен қоғамның ортақ міндетіне айналды. Осы бағытта Түркістан қаласында «Кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік» атты ауқымды форум ұйымдастырылды.

 Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатындағы тапсырмаларына сәйкес өткізілді. Форумның басты мақсаты – тұрғындардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет алаяқтықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және ақпараттық мәдениетті қалыптастыру.

 Форум аясында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары, облыс прокуроры, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы, мәслихат депутаттары, құқық қорғау және арнайы орган өкілдері, қоғам белсенділері және қала тұрғындары белсенді түрде қатысты. Бұл шара цифрлық қауіпсіздік мәселесіне қоғам назарын аударудың айқын көрінісі болды.

 Форум ерекше форматта өтті. Шараның ашылуы кибералаяқтықтың құрбанына айналған адамның шынайы өмірінен алынған сахналық көрініспен басталды. Бұл қойылым қатысушылардың интернеттегі қауіп-қатерлерді терең түсінуіне жол ашып, алаяқтықтың нақты түрлері мен салдарын нақты мысалдармен көрсетті.

 Сонымен қатар, форумға арнайы шақырылған спикерлер – Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жетекшісі және «CYBERLABS» компаниясының сарапшылары – өз салалары бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Олар нақты деректер мен аналитикалық мәліметтерге сүйене отырып, интернет алаяқтықтың заманауи әдістері мен олардан қорғану жолдарын баяндап берді.

 Форум барысында спикерлер тұрғындарға өздерінің жеке ақпараттарын қорғаудың маңыздылығын, күмәнді сілтемелерге өтпеу қажеттігін және қаржы операцияларын жүргізу кезінде ерекше сақ болу керек екенін бірнеше рет атап өтті. Түркістан қаласының тұрғындары үшін бұл айтылған кеңестер өте құнды әрі өмірлік мәні зор болды.

 Мұндай іс-шаралар тек ақпарат берумен шектелмей, қоғамда киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық санасын көтеруге және интернеттегі алаяқтыққа қарсы белсенді иммунитет қалыптастыруға бағытталған. Бұл – тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне айналуы тиіс міндет.

 Форум Түркістан қаласында жоғары деңгейде өтті және ол жергілікті тұрғындар арасында кеңінен қолдау тапты. Цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік – бүгінде әр адамның, әр отбасының және жалпы мемлекеттің қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Сондықтан киберқауіпсіздік саласындағы сауаттылықты арттыру – ел қауіпсіздігінің бір бөлігі екені сөзсіз.

 Қорытындылай келе, Түркістан қаласында өткен бұл форум – заманауи қауіптерге қарсы тұрудағы нақты әрі маңызды қадам. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, киберқауіпсіз қоғам құру жолында сенімді іргетас болмақ.

0 пікір