Ордабасы ауданында қазақ күресінің абызы, әлемге аты мәшһүр палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 154 жыл толуына орай «Қажымұқан – әлем таныған тұлға» атты мазмұнды мәдени іс-шара ұйымдастырылды.
Шара Қажымұқан ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Салтанатты сәттен соң аудан әкімі Азат Оралбаев сөз алып, баһадүр бабаның өмірі мен ерлікке толы жолын кеңінен баяндап, ұрпаққа үлгі боларлық өнегесін дәріптеді. Сондай-ақ ол қазіргі таңда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жаңа мәдени-спорт кешенінің құрылысы аяқталып қалғанын, жақын күндері ашылатынын ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында палуанның ұрпақтары, ауыл ақсақалдары мен спорт саласының өкілдері Қажымұқанның қайсар мінезі мен тарихи ерліктерін еске алып, ол туралы естеліктермен бөлісті. Батыр бабаның ұрпағы Ескермес Меруерттің Қажымұқанның өмір жолына арналған мазмұнды баяндамасы көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді.
Сондай-ақ күйші Қасымбек Сарымбетовтің «Қажымұқан» атты авторлық күйі алғаш рет орындалып, тұсаукесер рәсімі өтті. Кеш соңында ауданның Құрметті азаматы Құрманәлі Жылқыбайдың сөзіне жазылған «Қажымұқан» әні шырқалды.
Мерейлі мәдени шараның қорытындысында алып тұлғаның рухына арнап ас беріліп, қатысушылар баба рухына тағзым етті.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru