Резидентура түлектерінің 96,5%-ы қорытынды аттестаттаудан сәтті өтті
Резидентура түлектерінің 96,5%-ы қорытынды аттестаттаудан сәтті өтті
23.07.2026 09:18
17
0

  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі резидентура түлектерінің қорытынды аттестаттау нәтижелеріне жүргізілген талдау қорытындысын жариялады. Ведомство әлеуметтік желілерде тараған «түлектер емтиханнан жаппай өте алмады» деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңіне 3684 резидентура түлегі қатысты. Оның ішінде 3540 түлек немесе 96,5%-ы емтиханды сәтті тапсырып, кәсіби біліктілігін растады. Шекті деңгейден өте алмағандар саны – 134 адам (3,5%). Емтихан бойынша орташа көрсеткіш 80,7 балды құрады.

Денсаулық сақтау министрлігі аттестаттау рәсімі, емтихан тапсырмаларының мазмұны және бағалау жүйесі қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес жүргізілгенін атап өтті.

Әлеуметтік желілерде резидентураның кейбір түлектері емтихан нәтижелеріне қатысты пікір білдіргеннен кейін министрлік барлық өтініштерді зерделеп, жан-жақты талдау жүргізді.

Емтиханның екінші кезеңіне арналған тапсырмалар бекітілген талаптар негізінде әзірленіп, бірнеше кезеңдік тестологиялық, әдістемелік және мазмұндық сараптамадан өткен. Сараптама жұмыстарына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессор-оқытушылары, ғылыми ұйымдардың өкілдері және Оқу-әдістемелік бірлестік – Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған мамандар қатысты.

Мемлекеттік тілдегі тапсырмалардың сапасына қатысты түскен өтініштер де қаралды. Тексеру нәтижесінде тапсырмалардың мазмұны мен тілдік сапасы бойынша талаптардың сақталғаны анықталды. Сөзбе-сөз аударылған немесе бейімдеусіз қолданылған тапсырмалар фактілері анықталған жоқ.

Ақпараттық жүйе жүргізген талдау шекті деңгейден өте алмаған түлектердің бір бөлігі емтиханға берілген 90 минут уақытты толық пайдаланбағанын көрсетті. Кейбір қатысушылар тапсырмаларды уақыт аяқталмай тұрып орындап, жауаптарын қайта тексеру және клиникалық жағдайларды қосымша талдау мүмкіндігін пайдаланбаған.

Әрбір түлекке емтихан барысында нақты тапсырмалар бойынша апелляция беру мүмкіндігі ұсынылды. Барлық өтініштер белгіленген тәртіппен Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына жіберілді.

Денсаулық сақтау министрлігі қорытынды аттестаттаудың дәрігер мамандарды даярлау сапасын бағалаудағы маңызды кезең екенін атап өтті. Ведомство барлық түлектер үшін тең жағдай қалыптастыруды және бағалау рәсімдерінің ашық әрі заң талаптарына сай жүргізілуін қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

Қажетті нәтижеге қол жеткізе алмаған түлектер қолданыстағы қағидаларға сәйкес 6 айдан кейін қорытынды аттестаттаудан қайта өтуге құқылы.

0 пікір