Шымкент қаласында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілдігінің жанынан құрылған Сараптамалық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Жиын барысында адам құқықтарын қорғау саласында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, 2024 жылға арналған жоспарлар талқыланды. Кеңес консультативтік-талдамалық қызмет атқаратын қоғамдық кеңесші орган ретінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ықпал етуді көздейді.
Отырысты ашқан адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әбдезов өткен жылы жүзеге асырылған бастамалар мен шараларға тоқталып, Кеңестің жаңа құрамын таныстырды. Биыл Кеңес құрамы 50 пайызға жаңарып, оның қатарына үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдері, құқық қорғаушылар және сарапшылар енді. Барлығы 13 адамнан тұратын Кеңес қоғамдағы өзекті мәселелерді сараптап, олардың шешу жолдарын қарастыруды мақсат етіп отыр.
Жиын барысында Кеңестің қызметтік бағыты мен жұмыс алгоритмі бекітіліп, биылғы жылға арналған негізгі міндеттер айқындалды. Кеңес мүшелері адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарды сақтау, оларды қорғау және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударды. Сонымен қатар, құқық қорғау саласында өзекті мәселелер бойынша талдамалық-зерттеу жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп құқықтық бастамаларды жүзеге асыру жоспарланды.
Кеңес мүшелері адам құқықтарын қорғау бағытындағы қоғамдық талқылаулар мен зерттеулерді кеңейту қажеттігін атап өтіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал ететін шараларды жүйелі түрде өткізуді ұсынды. Қабылданған жылдық жоспар аясында сараптамалық зерттеулер жүргізу, құқық қорғау қызметін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу күн тәртібіне енгізілді.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныстар негізге алынып, жұмыс жоспары бекітілді. Алдағы уақытта Кеңес өз қызметін белсенді түрде жалғастырып, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында маңызды бастамаларды іске асыруға ниетті.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru