ТҰРАН АУДАНЫНДА ЖАҢА СУБҰРҚАҚТАР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
ТҰРАН АУДАНЫНДА ЖАҢА СУБҰРҚАҚТАР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
11.09.2025 18:58
48
0

Тұран ауданында жаңа субұрқақтардың салынуы – біздің ауданымыздың заманауи дамуының айқын көрінісі әрі тұрғындар үшін зор қуаныш. Қаланың әрбір өзгерісі, әрбір жаңа нысаны халықтың көңіл-күйіне, тұрмыс сапасына әсер ететіні белгілі. Сол тұрғыдан алғанда, биыл пайдалануға берілген екі жаңа субұрқақ – ауданымыздың шын мәнінде жайлы әрі көрікті ортаға айналып келе жатқанының нақты дәлелі.

Жаңа субұрқақтардың ерекшелігі – олардың заманауи үлгіде жабдықталуында. Мұнда 100-ден астам су атқыш құрылғысы орнатылған. Олар түрлі биіктікте су шашып, әуен ырғағына сәйкес ерекше көріністер жасайды. Әсіресе кешкі уақытта LED жарық шамдарының көмегімен ұйымдастырылатын түрлі-түсті шоулар тұрғындарға ерекше әсер сыйлайды. Бұл – аудан тұрғындарының бос уақытын қызықты әрі мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беретін тың жоба. Балалар үшін шаттық пен қуаныш, жастар үшін заманауи демалыс алаңы, ал үлкендер үшін тыныш әрі көркем орта қалыптасып отыр.

Мұндай нысандар тек эстетикалық тұрғыда ғана емес, әлеуметтік жағынан да маңызды. Себебі ауданымызда жаңа демалыс орындарының пайда болуы тұрғындардың бір-бірімен араласуына, мәдени қарым-қатынастың нығаюына ықпал етеді. Әсіресе көпбалалы аналар мен қарттар үшін мұндай орындар күнделікті өмірден сергектік сыйлап, отбасымен бірге демалуға жағдай жасайды. Бұл – қоғамның барлық мүшесіне арналған ортақ игілік.

Жалпы алғанда, Шымкент қаласында бүгінде 65 нысанда 86 субұрқақ бар екен. Оның ішінде 25 нысан қалалық «Жайлы ортаны дамыту басқармасының» теңгерімінде болса, қалғандары мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлердің жауапкершілігінде. Ал биыл қала бойынша 15 жаңа субұрқақ пайдалануға берілген болса, оның екеуі Тұран ауданына тиесілі. Бұл ауданымыздың дамуға ерекше назар аударылып отырғанын айқын көрсетеді.

Менің ойымша, мұндай жобалардың тағы бір маңызды қыры – олардың экологиялық мәнінде. Су айдындары мен жасыл аймақтардың үйлесімділігі ауаның тазарып, шағын климаттың жақсаруына ықпал етеді. Бұл – тұрғындардың денсаулығына оң әсер етеді. Әсіресе балалардың табиғатпен етене жақын болып өсуіне, олардың экологиялық мәдениетінің қалыптасуына септігін тигізеді. Осындай игі істер арқылы біз тек бүгінгі күнге емес, келешекке де қамқорлық жасап отырмыз.

Жаңа субұрқақтар – тек сәндік нысан ғана емес, ауданымыздың көркеюіне қосылған үлкен үлес. Сондықтан әрбір тұрғын туған жеріне жанашырлықпен қарап, осындай ортақ игілікті сақтауға атсалысуы керек деп ойлаймын. Бұл – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.

Алдағы уақытта да осындай жобалардың жалғасын тауып, жаңа саябақтар мен демалыс орындарының ашылатынына сенемін. Себебі Тұран ауданы заманауи әрі жайлы ортаға айналу жолында қарқынды дамып келеді. Біз үшін ең бастысы – балаларымыздың болашағына қолайлы, таза әрі көркем орта қалдыру.

Жаңа субұрқақтар – Тұран ауданының келбетін айшықтайтын, тұрғындарға қуаныш сыйлайтын және болашақ ұрпаққа мұра болып қалатын құнды нысандар.

Айдос Төлегенов, қоғам белсендісі, Тұран ауданы

0 пікір