Тұран ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды
Тұран ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды
06.10.2025 14:08
39
0

Тұран ауданының тұрғыны – Гүлназ Жанұзаққызы

Қоршаған ортаны таза ұстау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта елімізде жарияланған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Шымкент қаласының Тұран ауданында кең ауқымды сенбілік өтті. Аталған шараға аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері, еріктілер мен жастар белсене атсалысты.

Сенбіліктің басты мақсаты – қала аумағындағы санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, жасыл желектерді күтіп-баптау және тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру болды. Іс-шара барысында Тұран ауданындағы көшелер, аулалар, жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс аймақтары мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді.

Біз де өз отбасымызбен бұл сенбілікке қатысып, үйіміздің маңындағы аумақты тазаладық. Балаларым да белсенділік танытып, тазалықтың маңызын іс жүзінде түсінді. Бұл тек бір реттік шара емес, болашақ ұрпаққа үлгі болатын тәрбиелік мәні зор бастама деп білемін.

Сонымен қатар, сенбілік барысында ағаштардың түптері әктеліп, гүлзарлар тазартылып, кейбір орындарға жас көшеттер отырғызылды. Коммуналдық қызметтер мен тұрғындар жұмыла жұмыс істеп, ауданның келбетін жақсартуға өз үлестерін қосты.

Аудан әкімдігі тарапынан тазалық құралдары, қолғаптар, қаптар мен арнайы техника қамтамасыз етіліп, сенбілік жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылардың көңіл-күйі көтеріңкі болып, ортақ іске біріге кіріскені қуантты. Бұл – тұрғындардың өз ортасына деген жанашырлықтың көрінісі.

Тұрғындар бұл акцияның маңыздылығын түсініп, мұндай шаралардың тұрақты түрде өткізіліп тұруын қолдайтындарын білдірді. «Таза Қазақстан» аясындағы сенбілік – тек тазалық қана емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі мен бірлігін көрсететін маңызды бастама.

Қорытындылай келе, Тұран ауданында өткен сенбілік – ауданның тазалығын жақсартуға ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған сәтті қадам болды. Мұндай игі істердің жалғасы көбейіп, туған қаламыз әрдайым таза әрі көрікті болғай!

0 пікір