ТҰРАН ШАҒЫН АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУ КЕЗЕҢІ
ТҰРАН ШАҒЫН АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУ КЕЗЕҢІ
22.11.2025 14:00
41
0

Тұран шағын ауданында соңғы жылдары жүргізіліп жатқан ирригациялық жүйелерді жаңғырту жұмыстары тұрғындар тарапынан жоғары бағасын алып келеді. Себебі бұл жобалар тек инженерлік инфрақұрылымды жақсарту емес, тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар ретінде көрініс табуда. Құрылған суағар жүйелері көшелердің санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, маусымдық жауын-шашында су жиналу мәселесін айтарлықтай азайтып отыр.

Тұран ауданы бойынша жалпы ұзындығы жүздеген шақырымды қамтитын көшелердің рет-ретімен жаңартылып жатқаны – бірнеше жылдың көлемінде қалыптасқан жоспарлы жұмыстың нәтижесі екенін тұрғындар жақсы түсінеді. Әсіресе биылғы жылы іске асқан қомақты көлемдегі ирригациялық құрылыс елдің көңілінен шығып отыр. Тұрғындар бұрыннан көтеріп жүрген мәселелердің шешім тауып жатқанына қуанышты екенін ашық айтуда.

Солардың бірі — осы ауданның тұрғыны Бекарыс Маратұлы. Ол инфрақұрылымдық жобалардың жүйелі жүзеге асуының маңыздылығын атап өтіп, мынадай пікір білдірді:

"Тұран шағын ауданында соңғы жылдары айтарлықтай оң өзгерістер байқалып жатыр. Әсіресе ирригациялық жүйе жүргізу жұмысының қарқыны мен сапасы көңілден шығады. Бұрын көктем мен күз мезгілінде көшелерде су жиналып, жүру қиындық тудыратын. Биылғы салынған арықтардың нәтижесін қазірден бастап сезіне бастадық. Тұрғындарға деген назар бар екенін көреміз. Ең бастысы – бұл жұмыстар жүйелі және ашық жүргізіліп жатыр. Әр көшедегі өзгеріс өз көзімізге көрініп, қоғам тарапынан қолдау тауып отыр. Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз."

Бекарыс Маратұлының айтуынша, инфрақұрылымға жасалған инвестиция – ауданның болашағына салынған берік негіз. Қауіпсіз, таза, реттелген орта қалыптастыру – тұрғындар өмірін жеңілдететін ең маңызды қадамдардың бірі. Халықтың талап-тілегінің ескеріліп, мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп жатқаны — билік пен азаматтардың өзара түсіністігінің айқын көрінісі.

Жалпы алғанда, Тұран шағын ауданындағы ирригациялық жүйелерді дамыту жобасы қоғамның оң бағасын алып, тұрғындардың сенімін арттырды. Бұл бастама ауданның инженерлік инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, әлеуметтік ахуалдың тұрақты дамуына да ықпал етіп отыр. Тұрғындар мұндай жүйелі жұмыс өзінің ұзақ мерзімді жемісін беретінін айтады.

 

0 пікір