ТҮРКІСТАН МЕН РИШТАН АРАСЫНДА БАУЫРЛАСТЫҚ БАЙЛАНЫС ОРНАДЫ
ТҮРКІСТАН МЕН РИШТАН АРАСЫНДА БАУЫРЛАСТЫҚ БАЙЛАНЫС ОРНАДЫ
26.07.2026 19:49
16
0

Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Бауырлас қалалардың халықаралық форумы» халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған маңызды алаңға айналды. Әлемнің түрлі мемлекеттерінен келген муниципалитет басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік құрылымдар, бизнес қауымдастық пен сарапшылар бас қосқан жиында өңіраралық байланыстарды нығайту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және қалалардың тұрақты дамуына бағытталған бастамалар талқыланды.

Халықаралық форумға Қазақстан, Қырғызстан, АҚШ, Әзербайжан, Түркия, Қытай, Жапония, Ресей, Сербия және басқа да мемлекеттерден 300-ден астам делегат қатысты. Қатысушылар қатарында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Бекбол Аманжол мен кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Өмірзақ Адхам болды.

Форум аясындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – Түркістан қаласы мен Өзбекстан Республикасының Риштан қаласы арасында бауырластық және өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Құжат екі қала арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және туристік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Меморандум аясында тараптар инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, туризм индустриясын жетілдіру, білім беру, ғылым, мәдениет, спорт және жастар саясаты салаларында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін растады. Сонымен бірге қалалар арасында ресми делегациялар алмасу, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру және инвестициялық мүмкіндіктерді бірлесіп таныстыру бағытындағы жұмыстарды күшейту жоспарланып отыр.

Форум барысында өткен пікірталастарда қалаларды тұрақты дамыту, урбанистика, цифрландыру, экологиялық жобалар, туристік әлеуетті арттыру және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар табысты тәжірибелерімен бөлісіп, өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтудің жаңа тетіктерін талқылады.

Іс-шара аясында делегациялар Самарқанд қаласындағы «Мәңгілік қала» туристік кешенінде өткен Достық ағашын отырғызу рәсіміне қатысты. Бұл игі дәстүр бауырлас қалалардың өзара достығының, сенімді әріптестігінің және ұзақ мерзімді ынтымақтастығының символына айналды.

Сонымен қатар форум шеңберінде B2B және B2G форматындағы кездесулер ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер, инвесторлар және мемлекеттік органдардың өкілдері өндіріс, туризм, сауда, логистика және инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Іскерлік кездесулер барысында жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және өңірлер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған ұсыныстар қарастырылды.

Түркістан – түркі әлемінің рухани орталығы әрі Қазақстандағы тарихи-мәдени туризмнің негізгі бағыттарының бірі. Соңғы жылдары қалада туристік инфрақұрылым жаңарып, халықаралық деңгейдегі мәдени және іскерлік іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Ал Риштан қаласы ғасырлар бойы қалыптасқан керамика жасау өнерімен әлемге танылған Өзбекстанның көне шаһарларының бірі саналады. Сондықтан екі қаланың әріптестігі тарихи-мәдени мұраны сақтау, қолөнерді дамыту және туристік бағыттарды бірлесіп ілгерілетуге тың мүмкіндік береді.

Халықаралық форум барысында қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті өңіраралық деңгейде одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Түркістан мен Риштан арасындағы жаңа әріптестік инвестициялық жобаларды іске асыруға, мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейтуге, туристік бағыттарды дамытуға және екі елдің кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға негіз болады.

Самарқандта өткен халықаралық форум бауырлас қалалардың өзара ықпалдастығын күшейтіп қана қоймай, тәжірибе алмасу, бірлескен бастамаларды жүзеге асыру және өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады.

 

0 пікір