ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 13 ЖАҢА ЖАЙЛЫ МЕКТЕП ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 13 ЖАҢА ЖАЙЛЫ МЕКТЕП ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
04.02.2025 07:39
7
0

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 жаңа білім ордасының құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда барлық мектептің инженерлік инфрақұрылым жүйелері толық қамтамасыз етілген. Өткен жылы осы жобаның шеңберінде 13 мектеп пайдалануға берілсе, 2025 жылы тағы 16 мектептің құрылысы аяқталуы тиіс.

Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде талқыланды.

– Мемлекет басшысының бастамасымен өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа білім ошақтары бой көтеруде. Кейбірі іске қосылды, ал қалған мектептердің құрылысы сапалы әрі уақытылы аяқталуы керек. Сонымен қатар, директорларды тағайындау және ұйымдастыру жұмыстары қатар жүргізілуі тиіс. Бұл – өңірдегі білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұлдың мәлімдеуінше, 2025 жылы пайдалануға берілетін 16 мектептің 12-сінде шатыр жабылып, ішкі әрлеу, инженерлік инфрақұрылым тарту және қасбетін қаптау жұмыстары басталған. Құрылыстың жалпы көлемі 60%-ға орындалды. Ал қалған 4 мектептің негізгі қаңқалары көтеріліп, шатыр орнату, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

0 пікір