ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ГАЗДАНДЫРУ ҚАРҚЫНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ГАЗДАНДЫРУ ҚАРҚЫНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
07.07.2026 21:44
10
0

Түркістан облысында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың өмір сүру сапасын арттыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес өңірде газдандыру жобалары кезең-кезеңімен іске асырылып, елді мекендерді көгілдір отынмен қамту ауқымы кеңейіп келеді.

Газ саласын дамыту мәселелері Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жан-жақты қаралды. Мәжілісте өңірлердегі газдандыру жұмыстарының орындалу барысы, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа жобаларды қаржыландыру және халықты табиғи газбен қамту көрсеткішін арттыру мәселелері талқыланды.

Үкімет отырысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс режимінде қатысып, өңірдегі газ саласының қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндама жасады. Өңір басшысы соңғы жылдары газдандыру қарқынының айтарлықтай артқанын айтып, жүзеге асырылып жатқан жобалардың тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартудағы маңызына тоқталды.

Облыс әкімінің мәліметінше, өткен жылы өңірде табиғи газ инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 87 жобаны іске асыруға 20,7 миллиард теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 45 нысан толық пайдалануға беріліп, 41 елді мекендегі 102 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Қалған 42 нысанның құрылысы жалғасып жатыр және оларды биыл толық аяқтау жоспарланған.

Газдандыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бүгінде Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің 606-сы табиғи газға қосылған. Қазіргі таңда өңірдегі 1 миллион 887 мыңнан астам тұрғын, яғни халықтың 88 пайызы көгілдір отынның игілігін пайдаланып отыр. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының еліміздегі газдандыру деңгейі жоғары өңірлердің қатарына енуіне мүмкіндік беріп отыр.

Жиында облыс әкімі өңір үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі – Созақ ауданын газдандыру жұмысына арнайы тоқталды. Биыл алғаш рет облыстың солтүстік бөлігіндегі Созақ ауданына табиғи газ жеткізіліп, Жамбыл облысынан жоғары қысымды магистральды газ құбыры тартылды.

Аталған жоба аясында аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы 16 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылды. Сонымен қатар сағатына 30 мың текше метр газ өткізуге қауқарлы «Созақ» автоматтандырылған газ тарату станциясы пайдалануға берілді. Бұл нысан ауданның газ жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы уақытта өзге елді мекендерді де кезең-кезеңімен газдандыруға мүмкіндік береді.

Нұралхан Көшеров өз баяндамасында өңір тұрғындарын сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету облыс әкімдігінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

– Халықты табиғи газбен қамтамасыз ету – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды қарқынды жалғастырып келеміз. Жыл соңына дейін облыстың газдандыру деңгейін 90 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал қосымша жобаларға республикалық бюджеттен қолдау көрсетілген жағдайда бұл көрсеткішті 92 пайызға дейін арттыруға толық мүмкіндік бар. Созақ ауданына алғаш рет табиғи газдың жеткізілуі – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің өңірге көрсеткен нақты қолдауының нәтижесі. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, – деді облыс әкімі.

Биыл Түркістан облысында 74 газдандыру нысанының құрылысына 13,7 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін олардың 33-ін пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде тағы 34 елді мекендегі 35 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізіп, өңірдегі газдандыру деңгейі 90 пайызға жетеді.

Бұл жұмыстар аяқталған соң облыстағы 640 елді мекеннің шамамен 2 миллион тұрғыны табиғи газдың игілігін пайдаланады деп күтілуде. Сонымен қатар өңірде газдандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыру мақсатында 28 жаңа нысанның жобалау-сметалық құжаттары дайындалған. Жалпы құны 23,6 миллиард теңгені құрайтын бұл жобаларды қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу жөнінде өтінім жолданған.

Егер ұсынылған жобалар қолдау тапса, қосымша 28 елді мекендегі 65 мыңға жуық тұрғын табиғи газ жүйесіне қосылады. Осылайша Түркістан облысында газдандыру деңгейін 92 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Қазіргі таңда облыста табиғи газ тартылмаған 161 елді мекен бар. Оның ішінде тұрғындар саны аз 36 ауылды газдандыру экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылған. Ал қалған 125 елді мекендегі 160 мыңнан астам тұрғынды табиғи газмен қамтамасыз ету мақсатында 2023–2028 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан газдандыру жобалары тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартумен қатар, кәсіпкерліктің дамуына, әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне және өңірдің инвестициялық тартымдылығының артуына ықпал етуде. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бұл жұмыстар алдағы жылдары да жалғасып, табиғи газдың игілігін көретін тұрғындар саны кезең-кезеңімен көбейе береді.

 

0 пікір