Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһардағы денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын бағамдау мақсатында бірқатар емдеу орталықтарын аралап, дәрігерлермен кездесті. Бүгінде қалада медициналық инфрақұрылым қарқынды дамып, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артып келеді.
Әкім алдымен Жедел медициналық жәрдем станциясына барып, мекеменің қызмет көрсету жағдайымен танысты. Қазіргі таңда станция 329 984 тұрғынға қызмет көрсетіп, 3 қосалқы бекетте орналасқан 22 жедел жәрдем бригадасы (5 дәрігерлік, 17 фельдшерлік) жұмыс атқаруда. Өткен жылы жедел жәрдем қызметіне 151 326 шақырту түскен. Шақыртуларға уақтылы жауап беру және медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында қосымша 4 бригада іске қосылған.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, соңғы жылдары қаладағы денсаулық сақтау саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілген. Емханаларда медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарып, жаңа технологиялар енгізілуде. Сондай-ақ, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған оқу курстары ұйымдастырылып, диагностика мен емдеудің заманауи әдістері енгізілуде. Бұл жаңашылдықтар емдеу тиімділігін арттырып, науқастардың сауығу көрсеткішін жақсартуға оң ықпал етуде.
Әкім медициналық мекемелерде халыққа ыңғайлы жағдай жасау маңызды екенін атап өтіп, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар, оның ішінде аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, пациенттерге қызмет көрсету уақытын қысқарту, дәрігерлермен байланыс сапасын жақсарту, медициналық мекемелерге жаңа технологияларды енгізу және халықтың пікірін ескере отырып жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін тапсырды.
Түркістан қаласы әкімдігі денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша жұмысын жалғастырып, тұрғындардың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru