Түркістанда өңіраралық еңбек жәрмеңкесі өтті
Түркістанда өңіраралық еңбек жәрмеңкесі өтті
11.04.2025 12:38
31
0

Түркістан облысында 8 сәуірден басталған «Қоныс аудару» жәрмеңкесі бүгін облыс орталығында қорытындыланды.

Жәрмеңкеге еліміздің 7 облысынан, атап айтқанда Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан 100-ге жуық делегация өкілі қатысып, түркістандықтарға өз аймақтарындағы 10 468 бос жұмыс орнын ұсынды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында – 2 959, Шығыс Қазақстанда – 2 671, Павлодарда – 2 424, Қостанайда – 823, Қарағандыда – 1 342, Ұлытау облысында – 145, Абай облысында – 104 бос жұмыс орны ұсынылды.

«Конгресс холл» кешенінде өткен шараны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып, солтүстік аймақтармен іскерлік байланыс одан әрі нығаятынын атап өтті.

Жәрмеңке нәтижесінде 128 тұрғын көшуге ниет білдірді. Бұған дейін іс-шара Жетісай, Мақтаарал және Сайрам аудандарында өткізілген болатын.

Статистикалық мәліметке сәйкес, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2015–2024 жылдар аралығында Түркістан облысынан 15 589 адам қоныс аударған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылға республика бойынша 7 344 квота бөлді. Қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетілетін 7 облыс анықталды: Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары.

Бағдарлама шеңберінде қатысушылар мен олардың отбасы мүшелеріне бір реттік 70 айлық есептік көрсеткіш (275 240 теңге) көлемінде көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, 12 ай бойы жалдамалы баспана мен коммуналдық қызметтерге арналған жәрдемақы, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығына жер телімін бөлу, жеке кәсіп ашуға жағдай жасау көзделген.

Бұл өңіраралық шара елдің солтүстік өңірлеріндегі еңбек күші тапшылығын төмендетуге бағытталған. Түркістан облысында мұндай жұмыс 2015 жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

0 пікір