ТҮРКІСТАНДА ЦИФРЛАНДЫРУ МЕН ИНТЕРНЕТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ
ТҮРКІСТАНДА ЦИФРЛАНДЫРУ МЕН ИНТЕРНЕТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ
13.07.2026 19:11
10
0

Түркістан облысында цифрлық технологияларды дамыту, тұрғындарды сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыруды жеделдету және жасанды интеллект мүмкіндіктерін мемлекеттік басқару ісіне кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өңірде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып келеді. Аталған бағыттағы жұмыстардың орындалу барысы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиында байланыс инфрақұрылымын кеңейту, интернет сапасын арттыру, цифрлық сервистерді дамыту, қоғамдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері қаралды.

Облыс әкімі өңір тұрғындарына сапалы байланыс қызметін ұсыну – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, интернет пен мобильді байланыстың қолжетімділігі тек тұрғындардың тұрмыс сапасына ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызметтердің тиімділігіне де тікелей әсер етеді.

Жиында жауапты басқарма басшылары облыстағы цифрландыру саласының қазіргі ахуалы туралы баяндама жасады. Бүгінде Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің 769-ы 4G және 3G мобильді байланыс желісімен қамтылған. Байланыс қызметі әлі толық жетпеген 32 елді мекенде инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар өңірде жоғары жылдамдықты интернетті дамыту мақсатында бесінші буын байланыс технологиясы да енгізілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында 196 базалық 5G станциясы іске қосылып, халық тығыз орналасқан аумақтарда заманауи байланыс желісін кеңейту жұмыстары жалғасуда.

Байланыс сапасын жақсарту бағытында нақты нәтижелер де бар. Бұған дейін интернет сапасы төмен деп танылған 95 аумақтың 72-сінде мәселе толық шешілген. Қалған елді мекендердегі техникалық жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Өңірде республикалық «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бағдарлама шеңберінде 372 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр. Бұл шалғай ауылдардың тұрғындарына жоғары жылдамдықтағы интернетті пайдалануға мүмкіндік беріп, қашықтан білім алу, электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалану және кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады.

Мәжілісте қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда облыс аумағында қоғамдық тәртіпті бақылауға арналған 1834 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Сонымен бірге мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы қауіпсіздік жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа жоба қолға алынған.

Аталған жоба аясында облыс бойынша қосымша 8000 бейнебақылау камерасы және 750 аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жұмыстары басталды. Заманауи цифрлық бақылау құралдары құқық бұзушылықтың алдын алуға, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Цифрландыру бағытындағы маңызды бастамалардың қатарында білім беру саласын жаңғырту жобалары да бар. Атап айтқанда, өңірдегі мектептердің интернет сапасын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйе енгізілуде. Бұл оқу орындарындағы байланыс тұрақтылығын бақылап, туындаған мәселелерді жедел шешуге жол ашады.

Сонымен бірге облыс әкімдігі қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында жасанды интеллект негізіндегі виртуалды көмекші әзірленуде. Жаңа жүйе ақпараттарды талдауға, құжаттармен жұмыс істеуге және басқарушылық шешімдерді қабылдау процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Мәжілісте геоақпараттық технологияларды енгізу мәселесі де қаралды. Қазіргі таңда арнайы геоақпараттық портал арқылы заңсыз құрылыстарды анықтау, жер учаскелерінің пайдаланылуын бақылау және қала құрылысы саласындағы мониторинг жұмыстарын автоматтандыру қолға алынған.

Бұдан бөлек, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын қабылдайтын 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын толық цифрландыру бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл халықпен кері байланысты күшейтіп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жиынды қорытындылаған Нұралхан Көшеров жауапты басқармаларға және байланыс операторларына нақты міндеттер жүктеді. Өңір басшысы мобильді интернет қызметінің сапасы мен тарифтік пакеттердің тиімділігіне жан-жақты талдау жүргізіп, тұрғындардың сұранысына сай нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар облыс бойынша 5G желісін кеңейту жұмыстарын жеделдету, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру және жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

Облыс әкімі цифрландыру саласы бойынша кешенді жол картасын әзірлеп, әрбір жобаның орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ жауапты мекемелерге атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы ай сайын есеп беріп отыру міндеттелді.

 

0 пікір