Қазақстанда «Құрылтай» және осы есімнің бірнеше нұсқасын иеленген 10 азамат тұрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы тамыз айындағы мәліметінде көрсетілген. Статистикаға сәйкес, ел аумағында «Құрылтай», «Курылтай», «Курултай» және «Курлтай» есімді азаматтар тіркелген. Олардың алтауы – ер адам, ал төртеуі – әйел адам. Аталған есімді иеленген азаматтардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысында тұрады. Өңірде барлығы 4 адам тіркелген. Алматы қаласында осындай есімді 2 азамат бар. Ал Абай, Жамбыл, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында бір-бір адамнан тіркелген. Жас ерекшелігіне келсек, «Құрылтай» және оның нұсқаларындағы есімді иеленгендердің жартысы 65 жастан асқан азаматтар санатына жатады. Олардың ішіндегі ең үлкенінің жасы – 80-де. Сонымен қатар, статистикалық деректер бойынша 30-34 жас, 50-54 жас, 55-59 жас және 60-64 жас аралығындағы санаттардың әрқайсысында бір адамнан бар. Қазақ халқы үшін есімнің мағынасы мен мазмұны әрдайым ерекше мәнге ие. «Құрылтай» атауы да ел тарихы мен қоғамдық өмірінде маңызды ұғымдардың бірі саналады. Ежелден құрылтай ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланып, ортақ шешім қабылданатын жиын ретінде белгілі. Бүгінде бұл атау тек қоғамдық-саяси ұғым ретінде ғана емес, азаматтардың есімі ретінде де кездеседі. Алайда Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, «Құрылтай» және оның түрлі нұсқалары Қазақстандағы сирек кездесетін есімдердің қатарында.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru