Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары күшейтіледі. Қазіргі уақытта су құбыры желілерінің 38%-ы, ал кәріз желілерінің 54%-ы тозған. Сонымен қатар сарқынды суларды тазартатын құрылыстардың орташа тозу деңгейі 65%-дан асады. Осы мәселелерді шешу үшін «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 7,8 мың шақырым су құбыры мен кәріз желісін жаңарту және 45 қалада тазарту құрылыстарын салу немесе реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл мақсаттарға шамамен 1,9 трлн теңге бағытталмақ.
Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Ұлттық жоба халықты үздіксіз сумен қамтамасыз етуге, пайдаланылған суды қауіпсіз бұруға және тазартуға қажетті инфрақұрылымды жаңартуды көздейді. Жұмыстар тұрғын үйлерді ғана емес, мектептерді, ауруханаларды және өндірістік кәсіпорындарды қамтиды.
Еліміздегі су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 111 мың шақырым болса, оның 38%-ы тозған. Ал ұзындығы 18 мың шақырымды құрайтын кәріз желілерінің тозу деңгейі 54%-ға жеткен.
2029 жылға қарай су құбыры желілерінің тозуын 33%-ға, кәріз желілерінің тозуын 41%-ға дейін төмендету жоспарланған.
Осы мақсатта шамамен 5 мың шақырым су құбыры желісін жаңартуға 700 млрд теңге, ал 2,8 мың шақырым кәріз желісін жаңғыртуға 400 млрд теңге қарастырылған. 2026 жылдың соңына дейін су құбыры желілерінің тозу көрсеткішін 37%-ға, кәріз желілерінікін 52%-ға дейін төмендету көзделіп отыр.
Ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау және су бұру саласындағы жалпы құны 356 млрд теңгені құрайтын 146 жоба іске асырудың әртүрлі кезеңінде тұр.
Оның ішінде 95 жоба су құбыры желілерін жаңартуға бағытталған, олардың жалпы құны — 157 млрд теңге. Ал кәріз инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған 51 жобаның құны 199 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта 69 жоба жүзеге асырылып жатыр. Тағы 23 жоба екі кезеңдік іріктеуден өтіп, конкурстық рәсімдерге дайындалуда. Қалған 54 жоба келісу кезеңінде.
Бұдан бөлек, 2026 жылы бюджет есебінен сумен жабдықтау және су бұру саласындағы 345 жобаны іске асыруға 309 млрд теңге бөлінген. Қаражат қалалар мен ауылдық елді мекендердің коммуналдық инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалады.
Мамандардың айтуынша, ескі құбырларды ауыстыру су бұру жүйесіндегі барлық мәселені шешпейді. Тұрғын үйлерден, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардан шығатын сарқынды сулар арнайы тазарту құрылыстарына жеткізіліп, қоршаған ортаға жіберілер алдында тиісті өңдеуден өтуі қажет.
Алайда қазіргі кезде мұндай нысандардың орташа тозу деңгейі 65%-дан жоғары. Сондықтан ұлттық жоба аясында 45 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл бағытқа шамамен 800 млрд теңге бөлінеді.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы жаңғырту жұмыстарының кешенді түрде жүргізілуі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, су құбыры желілерін, кәріз жүйелерін және тазарту нысандарын қатар жаңарту арқылы коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартып, инфрақұрылымның ұзақ мерзімді әрі сенімді жұмысын қамтамасыз етуге болады.
Брифинг барысында сумен жабдықтау саласын цифрландыру мәселесі де талқыланды. Су арнасы кәсіпорындарына жабдықтардың жұмысын бақылауға, су шығыны мен қысымын қадағалауға, ағып кету жағдайларын ерте анықтауға және апаттарға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйелер енгізілуде.
Бірінші кезеңде 25 қаладағы 32 сумен жабдықтау кәсіпорны автоматтандыру және есепке алу құралдарын енгізу үшін жалпы сомасы 54 млрд теңгені құрайтын өтінім берген. Оның ішінде 12 млрд теңгеге бағаланған сегіз өтінім бойынша мердігерлермен келісімшарттар жасалған. Тағы жеті өтінім, жалпы құны 17 млрд теңге, конкурстық рәсімдерден өтуде. Осындай жұмыстар басқа 62 су арнасы кәсіпорнында да жүргізіліп жатыр.
Саланы цифрландырудағы маңызды жобалардың бірі — әзірленіп жатқан Smart Turmys бірыңғай платформасы. Ол абоненттер, су тұтыну көлемі және коммуналдық қызметтер бойынша есеп айырысу туралы деректерді біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл коммуналдық кәсіпорындардың жұмысын оңтайландырып, тұтынушылар үшін ақпараттың ашықтығын арттыруға бағытталған.
Брифингте интеллектуалды есепке алу құралдарына көшу мәселесі де көтерілді. Есептегіштерді ауыстыру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Тексеруден өткен, жарамды және өндіруші белгілеген пайдалану мерзімі аяқталмаған құрылғыларды мерзімінен бұрын ауыстыру талап етілмейді.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңартумен қатар, мемлекет тұрғындарды әлеуметтік қолдау шараларын да жалғастыруда.
2026 жылы ауыз су беру қызметінің құнын субсидиялауға 28 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат коммуналдық кәсіпорындардың шығындарының бір бөлігін өтеуге бағытталып, халық үшін су тарифінің қолжетімді болуына ықпал етеді.
Сонымен қатар коммуналдық төлемдері отбасы табысының жергілікті мәслихат белгілеген шекті үлесінен асатын азаматтарға тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Қазіргі уақытта осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 400 млн теңге төленіп, шамамен 8 мың адам қолдау алған.
Жоспарланған шаралар су құбыры мен кәріз желілерінің тозуын азайтуға, тазарту құрылыстарының тиімділігін арттыруға және халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге бағытталған.