Қазақстан Үкіметі 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжат Қазақстан Президентінің ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізуге бағытталған Жарлығын іске асыру аясында әзірленді.
Іс-қимыл жоспары цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізудің үш негізгі бағытын қамтиды. Олар – азаматтар мен қоғамның, бизнес пен экономиканың, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың мүддесі үшін цифрлық технологияларды дамыту.
Білім беру саласына жасанды интеллект енгізіледі
Жоспардың негізгі басымдықтарының бірі – білім берудің барлық деңгейінде жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану.
AI-SANA бағдарламасын дамыту нәтижесінде 2029 жылға қарай мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектерінің кемінде 80%-ы жасанды интеллектіні қолданудың базалық дағдыларын меңгеруі тиіс.
Сонымен қатар студенттерге арналған тереңдетілген оқыту бағдарламалары кеңейтіліп, педагогтердің біліктілігін арттыру шаралары күшейтіледі. 2028 жылға қарай жоғары оқу орындары мен колледждердің кемінде 80%-ында білім беру үдерістеріне ЖИ технологияларын енгізу және оқу бағдарламаларын еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес жаңарту жоспарланған.
Денсаулық сақтау жүйесі цифрланады
Денсаулық сақтау саласында деректерді басқарудың бірыңғай жүйесіне көшу және азаматтардың медициналық ұйымға тікелей баруын қажет етпейтін цифрлық сервистерді дамыту көзделіп отыр.
2029 жылға дейін медициналық self-service сервистерін пайдаланатын азаматтардың санын арттыру, медициналық ұйымдарды бірыңғай цифрлық контурға қосу және клиникалық шешім қабылдау кезінде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейту жоспарлануда.
Қалаларда интеллектуалды технологиялар қолданылады
Жоспар аясында өңірлерде AI Native cities & regions қағидатына негізделген шешімдерді енгізу жалғасады.
Интеллектуалды мониторинг пен талдау жүйелері төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге, қауіпсіздік қызметтерінің тиімділігін арттыруға және ірі қалалардағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметтерді алу жеңілдейді
Мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау саласында азаматтардың уақытын үнемдеуге басымдық беріледі.
Осы мақсатта жасанды интеллект, проактивті қызметтер, автоматты қол қою және процестерді автоматтандыру технологияларын қолдану кеңейтіледі. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну уақыты кемінде 50%-ға қысқартылуы тиіс.
Экономиканың негізгі салалары цифрланады
Цифрлық трансформация энергетика, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика және агроөнеркәсіптік кешенді қамтиды.
Жылу-энергетика саласында 2029 жылға қарай активтердің кемінде 70%-ын цифрлық мониторинг жүйесіне қосу жоспарланған. Бұл нысандардың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылап, ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Құрылыс саласында нысандардың жобалануынан бастап пайдалануға берілуіне дейінгі барлық кезеңдерді цифрлық бақылауға көшіру көзделген. 2029 жылға қарай техникалық күрделі жаңа нысандардың 100%-ын бірыңғай цифрлық контурда сүйемелдеу жоспарланып отыр.
Көлік және логистикада Smart Cargo дамиды
Көлік-логистика саласында жүктердің қозғалысын толық цифрлық бақылау жүйесі енгізіледі.
Smart Cargo жобасы аясында басым жүк тасымалдары цифрлық паспортпен және бүкіл маршрут бойынша трекинг жүйесімен қамтамасыз етіледі. Бұл жүктің қозғалысын бақылауға, логистикалық процестердің ашықтығын арттыруға және өткізу пункттеріндегі рәсімдеу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге негізгі көлік дәліздері, өткізу пункттері мен мультимодальды тораптар интеллектуалды көлік аналитикасымен қамтылады.
Кәсіпкерлікке цифрлық қолдау көрсетіледі
Шағын және орта бизнес үшін әкімшілік жүктемені азайту және цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу көзделіп отыр.
Кәсіпкерлерге цифрлық жетілу деңгейін бағалап, цифрландыру бойынша жеке жол карталарын алу мүмкіндігі беріледі. Ал тәуекелі төмен кәсіпкерлерге қатысты цифрлық комплаенс пен тәуекелге бағдарланған бақылау тетіктерін қолдану жоспарланған.
Салық саласында салықтық әкімшілендірудің интеллектуалды моделіне көшу көзделіп отыр. Процестердің бір бөлігі салық төлеушінің қосымша қатысуынсыз автоматты түрде жүзеге асырылатын болады.
Қаржы және квазимемлекеттік сектор цифрланады
2028 жылға қарай екінші деңгейдегі банктердің кемінде 80%-ын ақпаратпен қауіпсіз алмасудың цифрлық жүйесіне қосу жоспарлануда.
Квазимемлекеттік секторда да цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізудің экономикалық тиімділігіне ерекше мән беріледі. «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компанияларында цифрлық және AI-бастамалардың EBITDA өсіміне қосатын үлесін жылына 5%-ға дейін жеткізу жоспарланған.
Ал «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде 2029 жылға қарай инвестициялық жобалардың 100%-ын AI-мониторингпен қамту көзделіп отыр.
Қазақстанның IT-индустриясы дамиды
Іс-қимыл жоспары отандық IT-индустрияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және цифрлық өнімдер экспортын ұлғайтуға бағытталған.
2029 жылға қарай IT-қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортының көлемін кемінде 50%-ға арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар робототехника саласындағы өңірлік құзыреттер орталықтарын дамыту және коммерциялық жобаларды жүзеге асыратын отандық интеграторларды қолдау шаралары қарастырылған.
Цифрлық инфрақұрылым күшейтіледі
Цифрлық инфрақұрылымды дамытуда «ДӨО алқабын» қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Жоба жаһандық технологиялық және бұлтты технологиялар саласындағы серіктестерді тартуға, заманауи есептеу қуаттарын орналастыруға және жасанды интеллектіні ауқымды енгізуге қажетті инфрақұрылым құруға бағытталған.
Бұл Қазақстандағы деректерді өңдеу және сақтау мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа AI-сервистерді іске қосуға және отандық цифрлық индустрияның дамуына мүмкіндік береді.
Киберқауіпсіздікке басымдық беріледі
Цифрлық мемлекетті дамыту киберқауіпсіздік талаптарын күшейтумен қатар жүреді.
Жоспар бойынша мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейін арттыру, кибермәдениетті дамыту және азаматтардың цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану бойынша хабардарлығын арттыру шаралары іске асырылады.
Сонымен бірге «Цифрлық үкімет» нысандарын азаматтарға өздерінің дербес деректерін пайдалануды ашық бақылауға мүмкіндік беретін «Дербес деректерге қолжетімділікті бақылау» сервисіне қосу жоспарланған.
Жалпы, Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға және жасанды интеллект технологияларын күнделікті өмір мен экономиканың негізгі салаларына кеңінен енгізуге бағытталған.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru