Зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану тәртібі қандай?
Зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану тәртібі қандай?
25.06.2026 12:48
17
0

  Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі мен оларды пайдалану мүмкіндігі туралы сұрақтарға жауап бере отырып, бірінші вице-министр жеткіліктілік шегі жинақтаудың жоспары немесе жастар үшін міндетті талап емес екенін атап өтті. Өткен кезеңде зейнетақы жүйесінен шамамен 5,8 трлн теңге алынған, оның басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған.

      «Бүгінде тұрғын үй мәселесін шешу үшін мемлекет тұрғын үй саясаты аясында түрлі құралдарды ұсынып отыр. Олардың қатарында «Наурыз», «Наурыз жұмыскер», «7-20-25» секілді жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар, Отбасы банкінің тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі және өзге де тетіктер бар. Ал зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты – азаматтың еңбек жолын аяқтағаннан кейін лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Біз осы тепе-теңдікті сақтауға міндеттіміз», – деді Ербол Тұяқбаев

  Бірінші вице-министр зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын пайдаланған кезде азаматтар тек жинақталған соманы ғана емес, сонымен қатар ондаған жыл бойы қалыптасатын инвестициялық кірістен де айырылатынын атап өтті.
Азаматтардың өз жинақтарын дербес басқару құқығына қатысты сұрақтарға жауап бере отырып, ол бүгінгі таңда зейнетақы активтерінің 50%-ына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына беру мүмкіндігі қарастырылғанын еске салды. Сонымен қатар қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарын 100% жеке басқаруға беру мәселесі де пысықталуда.

   «Жас кезде адамның ең басты капиталы – уақыты, денсаулығы және еңбек ету мүмкіндігі. Сондықтан ол бүгін өз болашақ зейнетақысын жұмсамауы керек. Қазір мәселе 20 жастағы азаматтың қанша қаражат жинауында емес. Ең маңыздысы – осы азаматтың 30–40 жылдан кейін зейнетке шыққанда жеткілікті табыссыз қалмауы», – деп түйіндеді Ербол Тұяқбаев.

0 пікір