СОФЬЯ БЕРУЛЬЦЕВА ШЫМКЕНТКЕ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ АЛТЫНЫМЕН ОРАЛДЫ
СОФЬЯ БЕРУЛЬЦЕВА ШЫМКЕНТКЕ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ АЛТЫНЫМЕН ОРАЛДЫ
28.09.2026 20:37
16
0

Шымкентте каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Софья Берульцеваны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Жапонияның Аичи-Нагоя қалаларында ұйымдастырылып жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында чемпион атанған жерлесімізді Қажымұқан атындағы орталық стадион алдында жақындары, жаттықтырушылары, спорт саласының өкілдері мен жанкүйерлері күтіп алды.
Софья Берульцева құрлықтық додада каратэнің кумитэ бағыты бойынша +68 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол жарыс барысында Сауд Арабиясының өкілі Дина Ахмед Мостафаны 9:6 есебімен жеңіп, жартылай финалда непалдық Арика Гурунгтен 2:1 есебімен басым түсті. Ал шешуші кездесуде Таиланд спортшысы Манееван Буцуванды 8:0 есебімен ұтып, алтын медальға қол жеткізді.
Осылайша, шымкенттік спортшы Азия ойындарында екінші рет чемпиондық атаққа ие болды. Ол бұған дейін Ханчжоуда өткен жарыста да осы салмақ дәрежесінде қарсыластарынан озып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген еді.
Чемпионды қарсы алу рәсіміне қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек спортшыны жетістігімен құттықтап, қалада каратэнің дамуына және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Сондай-ақ алдағы бәсекелерде сәттілік тілеп, шымкенттік спортшылардың халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүргенін жеткізді.
Қазақстан ұлттық құрамасының каратэден аға бапкері Бақтияр Тоқсейітовтің айтуынша, Софья Берульцева енді әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алуды көздеп отыр.
Айта кетейік, Софья Берульцева – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Ол ұлттық құраманың тәжірибелі спортшыларының бірі саналады. Азия ойындарындағы кезекті жеңісі оның халықаралық деңгейдегі жетістіктерін толықтырып, қазақстандық каратэ мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті.

0 пікір