Қазақстан ғылым мен жоғары білімді дамытудың жаңа моделін қалыптастырып жатыр
Қазақстан ғылым мен жоғары білімді дамытудың жаңа моделін қалыптастырып жатыр
07.08.2026 11:28
15
0

   Қазақстан ғылым мен жоғары білімді елдің тұрақты экономикалық өсімі мен технологиялық дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналдыру бағытындағы реформаларды жалғастырып келеді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда кадр даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу, инновацияларды өндіріске енгізу және халықаралық серіктестікті қамтитын біртұтас экожүйе қалыптасып келеді. Оның басым бағыттарының қатарында жетекші шетелдік университеттерді тарту, жас ғалымдарды қолдау, жоғары білімді цифрландыру және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тетіктерін жетілдіру бар.

Жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде сапалы жоғары білімге қолжетімділік кеңейіп, ғылымды қаржыландыру көлемі артып келеді. Сонымен қатар инновациялық инфрақұрылым дамып, қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық білім және ғылым кеңістігіне ықпалдасуы күшейген.

Шетелдік университеттердің саны артып келеді

Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы жетекші білім беру хабтарының біріне айналуға ұмтылып отыр. Қазіргі уақытта елімізде АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және өзге де мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді.

Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін заңнамалық база да жетілдірілуде. Жаңа өзгерістер шетелдік университеттердің филиалдарын ашу рәсімдерін жеңілдетіп, олардың қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Сонымен бірге мемлекеттік бақылау күшейтіліп, оқу бағдарламаларында Қазақстан тарихы мен қазақ тілін оқыту міндетті компонент ретінде сақталады.

Қазақстандық университеттердің халықаралық байланысы кеңейіп жатыр

Соңғы жылдары қазақстандық жоғары оқу орындары да шетелде өз филиалдарын аша бастады. Бүгінде олардың бөлімшелері Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресейде жұмыс істейді. Бұл қазақстандық жоғары білімнің халықаралық беделін арттырып, өңірлік академиялық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беруде.

Сонымен қатар бірлескен білім беру бағдарламаларының саны да өсіп келеді. Қазір қазақстандық университеттердің жартысынан астамы әлемнің 24 еліндегі 131 жоғары оқу орнымен бірлесіп қос диплом бағдарламаларын жүзеге асыруда.

Мұндай табысты жобалардың бірі – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасындағы серіктестік. Биыл қос диплом бағдарламасы бойынша білім алған алғашқы түлектер оқуын аяқтап, халықаралық әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашты.

Қазақстандық университеттердің халықаралық рейтингі жақсарды

Отандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері де жақсарып келеді. QS World University Rankings 2026 рейтингіне Қазақстанның 20 университеті енді. Ал Times Higher Education 2026 рейтингінде алғаш рет еліміздің бес жоғары оқу орны әлемнің үздік университеттері қатарына кірді.

Сондай-ақ Nazarbayev University әлемнің үздік 500 университетінің қатарына еніп, қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Министрліктің мәліметінше, жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – еңбек нарығының заманауи талаптарына сай білікті мамандар даярлау, ғылыми зерттеулерді дамыту, инновацияларды өндіріске енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. Нәтижесінде университеттер тек білім беретін мекеме ғана емес, жаңа технологиялар мен ғылыми жаңалықтардың орталығына айналып келеді.

0 пікір