Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсететін заманауи оңалту орталықтарының саны артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру мақсатында жүзеге асырылуда.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздің 12 өңірінде әрқайсысы 150 орынға арналған оңалту орталықтарын салу жөніндегі ауқымды жоба іске асырылып жатыр. Жаңа нысандар азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттырып, кезекті қысқартуға және оңалту көмегін алуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда елімізде алты жаңа оңалту орталығы пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 2023 жылы Семей және Тараз қалаларында, 2024 жылы Кентау мен Орал қалаларында, ал 2026 жылы Атырау және Астана қалаларында жаңа нысандар іске қосылды.
Оңалту инфрақұрылымын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. 2027 жылдың соңына дейін Шымкент, Талдықорған, Көкшетау және Ақтөбе қалаларында тағы төрт орталықтың құрылысын аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар Қонаев қаласы мен Павлодар облысындағы екі нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Қазіргі уақытта бұл жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті қаржыландыру мәселелері қарастырылып, қосымша қаражат тарту мүмкіндіктері зерделеніп жатыр.
Жалпы, 2028 жылға дейін елімізде жалпы сыйымдылығы 1 850 төсек-орын болатын 12 заманауи оңалту орталығын салу көзделген. Жаңа нысандардың ашылуы 1 400-ден астам жұмыс орнын құруға және өңірлердегі мамандар әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа орталықтар заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мүгедектігі бар адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға кешенді оңалту, әлеуметтік бейімделу және өмір сапасын жақсарту бағытында қызмет көрсетеді.
Осы жобалардың жүзеге асырылуы еліміздегі әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруге, азаматтарға көрсетілетін оңалту көмегінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.