Қазақстанда шегіртке қаупіне қарсы шаралар тиімді жүргізілді
Қазақстанда шегіртке қаупіне қарсы шаралар тиімді жүргізілді
27.07.2026 14:49
14
0

   Қазақстан аумағында үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс шаралары толық аяқталды. Химиялық өңдеу жұмыстары 1,8 млн гектар алқапта жүргізіліп, барлық іс-шара белгіленген мерзімде және тиісті сапа талаптарына сай орындалды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңдеу жұмыстарына 556 арнайы бүрку техникасы жұмылдырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Сонымен қатар фитосанитариялық мониторинг жүргізуге шамамен 3,5 мың маман тартылды.

Шаралар барысында тиімділігі жоғары пестицидтер қолданылып, азаматтардың өтініштерін жедел қарау үшін арнайы call-орталық пен Telegram-бот жұмыс істеді. Өңірлерде шегірткеге қарсы жұмыстарды үйлестірген жедел штабтар тұрақты қызмет атқарды.

Ведомство өкілінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіру деректері тіркелмеген. Сондай-ақ шекара маңындағы аумақтарда фитосанитариялық жағдай тұрақты, шегірткелердің көшу фактілері анықталған жоқ.

0 пікір