МҰҒАЛІМДЕРДІ АТТЕСТАТТАУДА ЖАҢА ТАЛАПТАР ЕНГІЗІЛЕДІ
МҰҒАЛІМДЕРДІ АТТЕСТАТТАУДА ЖАҢА ТАЛАПТАР ЕНГІЗІЛЕДІ
24.08.2026 10:31
27
0

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәсілі пилоттық режимде сынақтан өткізіледі. Өзгерістің негізгі ерекшелігі – мұғалімнің біліктілік санатын анықтау кезінде тек тест нәтижесіне емес, оның күнделікті кәсіби қызметі мен нақты жетістіктеріне көбірек мән беріледі. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа тәртіп ҚР Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 5 маусымдағы №159-НҚ бұйрығы негізінде енгізіледі. Құжат 1 тамыздан бастап күшіне енген. Ал пилоттық жоба 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады. Бұл өзгерістер әзірге бүкіл оқу жылына арналған тұрақты жүйе емес. Осы кезеңде жаңа аттестаттау тәсілдері тәжірибе жүзінде тексеріліп, оның нәтижелері кейінгі тәртіпті жетілдіру кезінде ескеріледі.

Пилоттық жобаға бірнеше санаттағы педагог қатыса алады. Олардың қатарында 1 қыркүйекке дейін педагогтердің білімін бағалаудан өтіп, өзі өтініш берген біліктілік санатына қажетті шекті балды жинай алмаған, бірақ аттестаттаудан өтуі тиіс мұғалімдер бар. Сонымен бірге пилоттық жоба басталған кезде ПББ-ға тіркелгенімен, тестілеуге қатыспаған немесе оған тіркелмеген және кезекті не мерзімінен бұрын аттестаттауға жататын педагогтер де жаңа тәртіппен бағаланады. Жаңа жүйеде педагогтің кәсіби цифрлық бейіні негізгі құралдардың біріне айналады. Ол «Ұстаз» ұлттық платформасында қалыптастырылады. Бұл бейінде мұғалімнің білімі, еңбек өтілі, қолданыстағы біліктілік санаты, кәсіби біліктілігін арттыру курстары, жетістіктері және педагогикалық қызметіне қатысты басқа да мәліметтер жинақталады. Сондай-ақ оқушылардың оқу нәтижелері, сабақ беру сапасы және педагогтің кәсіби белсенділігі назарға алынады.  Пилоттық кезеңде мұғалімнен эссе, авторлық бағдарлама немесе оқу-әдістемелік материалдарды міндетті түрде дайындап тапсыру талап етілмейді. Министрлік жаңа жүйеде педагогтердің білімін бағалау нәтижесі біліктілік санатын анықтайтын жалғыз әрі негізгі критерий болмайтынын түсіндірді.

Егер педагог ПББ-ның алғашқы мүмкіндігінде қажетті шекті балды жинай алмаса, бұл оның пилоттық жобаға қатысуына тосқауыл болмайды. Сонымен қатар тестілеуден қажетті нәтиже шықпауы мұғалімнің қазіргі санатын автоматты түрде төмендетуге немесе жоюға негіз емес. Аттестаттау кезінде комиссия мұғалімнің сабақтарды жоспарлау және өткізу сапасына, оқушылардың білім деңгейі мен үлгерім динамикасына, педагогикалық қызметті бақылау нәтижелеріне назар аударады. Бұған қоса оқушылардың олимпиадалардағы, байқаулардағы, спорттық жарыстар мен чемпионаттардағы нәтижелері де есепке алынуы мүмкін. Мұғалімнің кәсіби конкурстарға қатысуы, тәжірибесін таратуы, шығармашылық және сараптамалық жобаларға араласуы, жұмыс топтарындағы қызметі және біліктілігін арттыруы да бағалау кезінде ескеріледі. Жас мамандар мен санаты төмен педагогтерге кәсіби қолдау көрсету, сондай-ақ тәрбие жұмысын ұйымдастыру нәтижелері де назардан тыс қалмайды. Дегенмен министрлік оқушының жетістігі мұғалімді бағалаудың жалғыз көрсеткіші болмайтынын атап өтті. Ол басқа кәсіби нәтижелермен бірге қарастырылады.

Жаңа пилоттық тәртіптің енгізілуі мұғалімдердің бұрын алған біліктілік санатын автоматты түрде жоймайды. Қолданыстағы санат оның белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін сақталады. Яғни жаңа жүйеге байланысты педагогтерден санатын мерзімінен бұрын қайта растау талап етілмейді. Пилоттық жоба аясында аттестаттау комиссиясы педагогтің мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келетінін немесе келмейтінін анықтайды. Егер кезекті аттестаттау кезінде мұғалім мәлімдеген санатқа сай болмаса, комиссия кәсіби цифрлық бейіндегі нақты көрсеткіштерді негізге ала отырып, оның қазіргі санатын сақтауы немесе төмендетуі мүмкін. Ал жоғары санатты мерзімінен бұрын алуға өтініш берген педагог қажетті талаптарға сәйкес келмеген жағдайда бұрынғы санаты белгіленген мерзім аяқталғанша сақталады. Пилоттық кезең аяқталғанға дейін комиссия шешіміне байланысты қайта аттестаттаудан өтуге арналған жеке рәсім қарастырылмаған. Мұғалім анықталған кемшіліктерін түзеткеннен кейін келесі аттестаттау кезеңінде сол уақытта қолданыста болатын талаптар бойынша қайта өтініш бере алады. Біліктілік санаты педагогтің кәсіби деңгейін көрсетіп қана қоймай, мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы еңбекақысына да әсер етеді.

Қолданыстағы тәртіп бойынша санатқа байланысты лауазымдық айлықақыға қосымша ақы қарастырылған:

  • «Педагог-модератор» – 30%;

  • «Педагог-сарапшы» – 35%;

  • «Педагог-зерттеуші» – 40%;

  • «Педагог-шебер» – 50%.

Алайда мұғалімнің нақты жалақысы тек біліктілік санатына байланысты емес. Оған оқу жүктемесі, еңбек өтілі, білімі, еңбек жағдайы және заңнамада белгіленген басқа да қосымша төлемдер әсер етеді. Осылайша, қыркүйектен басталатын пилоттық жоба педагогтерді бағалауда мұғалімнің бір реттік тест нәтижесінен гөрі оның тұрақты кәсіби қызметіне, оқыту сапасына және нақты жұмыс нәтижелеріне басымдық беруді көздейді.

0 пікір