Александр Бублик ATP рейтингінде 13-орында қалды
Александр Бублик ATP рейтингінде 13-орында қалды
24.08.2026 09:27
69
0

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик US Open турнирі қарсаңында жаңартылған ATP рейтингінде екі сатыға төмендеді. Қазіргі таңда қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 13-орында тұр. Оның еншісінде 2 525 ұпай бар. Соңғы жаңартуда Бублик 10 рейтингтік ұпайынан айырылған. Бұған дейін Александр Бублик Канада мен АҚШ-та өткен бірқатар турнирге қатыспады. Теннисші бұл жарыстарды отбасылық және коммерциялық жағдайларға байланысты өткізіп жіберген.

ATP рейтингінің көшін италиялық Янник Синнер бастап тұр. Оның қоржынында 13 450 ұпай бар. Екінші орында испаниялық Карлос Алькарас 8 160 ұпаймен орналасса, германиялық Александр Зверев 8 090 ұпаймен үшінші орында келеді. Александр Бублик үшін ендігі маңызды дода – маусымның соңғы «Үлкен дулыға» турнирі саналатын US Open. Қазақстандық теннисші бұл жарыста өз позициясын жақсартуға мүмкіндік алады. Турнирдегі әрбір жеңіс спортшыға рейтингтік ұпай жинап, әлемдік рейтингтегі орнын көтеруге жол ашады. Қазақстанның өзге теннисшілері арасында Александр Шевченко 699 ұпаймен 89-орында тұр. Тимофей Скатов 391 ұпаймен 149-сатыға жайғасқан. Ал тәжірибелі Михаил Кукушкин 162 ұпаймен 333-орында келеді. Бейбит Жұқаевтың еншісінде 114 ұпай бар, ол 425-орында. Денис Евсеев 107 ұпаймен әлемдік рейтингте 444-сатыда орналасқан.

Осылайша, US Open алдындағы жаңартылған рейтингте Александр Бублик Қазақстанның ең жоғары көрсеткішке ие теннисшісі болып қала береді. Алдағы турнир оның маусымдағы рейтингіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

0 пікір