Братиславада өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан өкілі Асхаб Хаджиев жүлдеге таласу мүмкіндігін сақтап қалды. 86 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін қазақстандық балуан жұбаныш белдесуінде Иран өкілі Абулфазл Шамсипурмен кездесті. Хаджиев қарсыласын 4:0 есебімен жеңіп, жарыстың жүлде үшін белдесетін кезеңіне жолдама алды.
Енді Асхаб Хаджиев қола медаль үшін Жапония балуаны Нацура Оказавамен белдеседі. Бұл кездесуде қазақстандық спортшыға жеңіс қажет. Бұған дейін Хаджиев 1/8 финалда АҚШ спортшысына есе жіберген болатын. Осы жеңілістен кейін оның чемпиондық атаққа таласу мүмкіндігі тоқтады. Алайда америкалық балуан финалға шыққандықтан, Хаджиевке жұбаныш белдесулер арқылы жарысты жалғастыруға мүмкіндік берілді.
Асхаб Хаджиев – Қарағанды облысының өкілі. Ол 20 жаста. Балуан 2022 жылғы Гимназиадада 80 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге ие болған. Сонымен қатар 2025 жылы 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатында 79 келіде, ал 2026 жылғы 20 жасқа дейінгі Азия чемпионатында 86 келіде қола медаль жеңіп алған. Қазақстандық спортшыға спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтары берілген.
Ендігі басты мақсат – әлем чемпионатының қола жүлдесін иелену.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru