Асу Алмабаев RAF лигасындағы дебютінде жеңіліп қалды
Асу Алмабаев RAF лигасындағы дебютінде жеңіліп қалды
24.08.2026 11:25
17
0

Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев АҚШ-та өткен Real American Freestyle (RAF) кәсіби күрес лигасындағы алғашқы жекпе-жегін өткізді. Спортшы бұл кездесуде қарсыласына мерзімінен бұрын есе жіберді. Жекпе-жек Кливленд қаласында (Огайо штаты) ұйымдастырылған RAF 12 турнирі аясында өтті. 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық спортшының қарсыласы тәжірибелі америкалық балуан Джонни Диджулиус болды. Ол студенттер арасындағы NCAA лигасында өнер көрсетіп, күрестен мол тәжірибе жинаған.

Кездесу ұзаққа созылған жоқ. Диджулиус алғашқы раундтың 88-секундында қатарынан екі сәтті тейкдаун жасап, 10 ұпай жинады. RAF ережесіне сәйкес, есеп айырмасы 10:0 болған жағдайда жекпе-жек қарсыластың айқын техникалық басымдығына байланысты автоматты түрде тоқтатылады. Осылайша Асу Алмабаев өз әдістерін көрсетуге мүмкіндік ала алмады. 32 жастағы спортшы үшін бұл — соққы қолданылмайтын кәсіби еркін күрес форматындағы алғашқы тәжірибе. Бұл нәтиже тек RAF-тегі күрес статистикасына енгізіледі және Алмабаевтың UFC-дегі ресми көрсеткішіне әсер етпейді. Қазақстандық файтер UFC-де жеңістер сериясын жалғастырып, өз салмағында рейтингтің жоғары сатысында тұр. Асу Алмабаев аталған америкалық лигада өнер көрсеткен Қазақстанның үшінші өкілі атанды. Оған дейін RAF додаларында Ризабек Айтмұхан мен Қуат Хамитов сынға түскен. Бұған дейін Алмабаев мұндай турнирлерге қатысу арқылы негізгі промоушендегі маусымаралық кезеңде күрес пен грэпплингтегі шеберлігін шыңдауды көздейтінін айтқан еді. Қазақстандық спортшының келесі жекпе-жегі де көп күттірмейді. Асу Алмабаев 30 тамызда Ыстамбұлда бразилиялық джиу-джитсуға маманданған ACB JJ лигасында дебюттік кездесуін өткізуді жоспарлап отыр.

 
 
 
 
0 пікір