Ералы Әскербектің әлем чемпионатындағы жолы қиын басталды
Ералы Әскербектің әлем чемпионатындағы жолы қиын басталды
21.08.2026 17:15
14
0

Қазақстандық еркін күрес шебері Ералы Әскербек Словакияның Братислава қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы белдесуінде жеңіліп қалды. 65 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Абай облысының өкілі іріктеу кезеңінде АҚШ балуаны Боуэн Бассеттпен кездесті. Белдесу америкалық спортшының айқын басымдығымен аяқталды. Бассетт қазақстандық балуанды 11:0 есебімен жеңіп, кездесуді небәрі 1 минут 43 секундта аяқтады.

Осы жеңілістен кейін Ералы Әскербектің алтын медаль үшін күресу мүмкіндігі тоқтады. Дегенмен оның әлем чемпионатындағы жарысын жалғастыру мүмкіндігі әлі де сақталып отыр. Енді қазақстандық спортшы Боуэн Бассетттің жарыстағы нәтижесіне үміт артады. Егер АҚШ өкілі финалға дейін жетсе, Ералы Әскербек жұбаныш белдесулеріне қатысып, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алады.

17 жастағы Ералы Әскербек бұған дейін халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдеге қол жеткізген. Ол 2023 жылы 15 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында, 2024 жылы 17 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатында қола медаль иеленді. Сонымен қатар 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында да үшінші орыннан көрінді. Енді жас балуанның әлем чемпионатындағы келесі тағдыры оның алғашқы қарсыласының финалға шығу нәтижесіне байланысты болмақ.

 

Дереккөз: SPORTARENAKZ

 

0 пікір