Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткен ұлттық құраманы құттықтады. Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы аралас командалық жарыста жеңімпаз атанды. Сонымен қатар жекелей сайыста Ғабит Расулхан, Фатима Супығалиова және Әділжан Жаудинов алтын медаль иеленді.
Мемлекет басшысы жас спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, спорттағы мансаптарының жарқын болуын және жаңа жеңістерге жетуін тіледі. Қазақстандық дзюдошылар чемпионат қорытындысы бойынша барлығы 11 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 4 алтын, 3 күміс және 4 қола жүлде бар. Бұл – Қазақстан дзюдосының жастар арасындағы әлем чемпионаттарындағы ең үздік нәтижесі.
Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың жетістігін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен телефон арқылы сөйлесті. Халықаралық спорт ұйымының басшысы Қазақстан құрамасын жастар арасындағы әлем чемпионатындағы табысты өнерімен құттықтады. Өз кезегінде Президент Мариус Визерге Қазақстанның Дзюдо федерациясы және Туризм және спорт министрлігімен арадағы сындарлы әрі тиімді ынтымақтастық үшін алғыс айтты.
Жастар арасындағы әлем чемпионатындағы бұл нәтиже Қазақстан дзюдосының жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетті. 11 медаль, оның ішінде төрт алтын жүлде – отандық спортшылардың халықаралық деңгейдегі әлеуетін айқындайтын маңызды көрсеткіш.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru