Елорда тұрғынына қатысты сот шешімі шығарылды.
Тергеу материалдарына сәйкес, азамат әлеуметтік желі арқылы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып, оны қаржылық пайда табу мақсатында пайдаланған.
Ағымдағы жылдың ақпан айында ол әлеуметтік желіде жасырын түрде жазба жариялап, әскери қызмет барысында өзіне қатысты зорлық-зомбылық болғаны туралы жалған мәлімет келтірген. Сонымен қатар, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге шығу үшін қаражат жинауға әрекет жасаған және жазбасына ақша аударуға арналған банк деректерін орналастырған.
Пайдаланушылардың бірі тиісті органдарға хабарласқаннан кейін жүргізілген тексеру барысында жарияланған ақпараттың жалған екені анықталды. Сондай-ақ азаматтың бұрын әскери қызмет атқармағаны белгілі болды.
Ақша жинау мақсатында ол жағдайдан бейхабар 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған. Қысқа уақыт ішінде аталған есепшотқа 15-тен астам қаржылық аударым жасалған.
Тергеу барысында күдікті жалған ақпаратты қаражат иелену мақсатында таратқанын мойындады.
Оған алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот үкімімен кінәлі деп танылды. Нәтижесінде азамат 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru